«АлЭС» АҚ Powerexpo Almaty 2026 көрмесінде Алматы энергия торабын дамыту жобаларын таныстырды
Артқа
21.10.2026

«АлЭС» АҚ Powerexpo Almaty 2026 көрмесінде Алматы энергия торабын дамыту жобаларын таныстырды

Алматыда энергетикалық компаниялардың өкілдері, жабдық өндірушілер мен сала мамандарының басын қосқан Powerexpo Almaty 2026 халықаралық энергетикалық көрмесі өтіп жатыр.

Көрме жұмысына «Алматы электр станциялары» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары – Бас инженері Бауыржан Қалиев қатысты. Ол Алматы энергия торабын дамыту, жаңа электр станцияларын салу және Қазақстанның Оңтүстік аймағындағы энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыру жөнінде баяндама жасады.

Негізгі назар А. Жақытов атындағы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО алаңдарында жаңа газ станцияларын салу жобаларына аударылды.

2-ЖЭО-да белгіленген электр қуаты 556 МВт болатын бу-газ электр станциясы бой көтеріп жатыр. Ал 3-ЖЭО-да қолданыстағы көмір қуаттарын алмастыратын, қуаты 554 МВт болатын жаңа маневрлік электр станциясы салынып жатыр.

Қос жобаны іске асыру Алматы энергия торабының қолда бар электр қуатының таза өсімін 500 МВт-тан асыруды қамтамасыз етеді және Қазақстанның Оңтүстік аймағындағы қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

– Алматы энергия торабын дамыту дегеніміз – тек өндіруші қуаттарды арттыру ғана емес. Электр энергиясын желіге сенімді түрде беруді және жүктеменің өзгеруіне жедел ден қою мүмкіндігін қамтамасыз ету маңызды. Жаңа станцияларды салу барысында біз дәл осы міндеттерді шешіп жатырмыз, – деп атап өтті Бауыржан Қалиев.

Бас инженер желілік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Екі станцияда да кернеуі 220 кВ болатын заманауи тарату құрылғыларын, ал 3-ЖЭО-да бұған қоса 110 кВ-тық құрылғылар салу және екі автотрансформатор орнату көзделген. Бұл электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және энергия торабының өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа қуат көздерінің маневрлік қабілеті де аса маңызды. Газ-турбиналық және бу-газ қондырғылары электр энергиясын тұтыну деңгейінің өзгеруіне тезірек бейімделіп, жиілік пен қуат ағынын автоматты түрде реттеуге қатыса алады. 3-ЖЭО үшін қуатты өзгерту жылдамдығы минутына кемінде 10 МВт деңгейінде қарастырылған.

«АлЭС» АҚ-ның Powerexpo Almaty 2026 көрмесіне қатысуы компанияның генерацияны дамытуға, экологиялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ Алматы қаласы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге бағытталған негізгі жобаларын кәсіби қауымдастыққа таныстыруға жол ашты.