«АлЭС» АҚ 2025 жылғы қорытындылар бойынша тұтынушылар алдында есеп берді: жария тыңдаулар өтті
2026 жылғы 21 сәуірде «Алматы электр станциялары» АҚ-да 2025 жылғы реттелетін қызметтер бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған жария тыңдаулар өтті. Іс-шара барысында компания жыл бойғы тарифтік сметаның орындалуы мен инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде есеп ұсынды. Атап айтқанда, жылу энергиясын өндіру және магистральдық құбырлар арқылы су беру салаларындағы қызмет нәтижелері қаралды. Тыңдауларға «АлЭС» АҚ өкілдері, реттелетін қызметтерді тұтынушылар, тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері қатысты. Олардың қатарында табиғи монополиялар мен бағаларды реттеу бөлімінің басшысы А.Жанабаева болды.

Тұтынушылар мен мүдделі тұлғалар тыңдаулардың өткізілетіні жөнінде алдын ала хабардар етілді – тиісті ақпарат 2026 жылғы 26 наурызда компанияның ресми сайтында жарияланды.
«АлЭС» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Асель Аргинбаева атап өткендей, компания табиғи монополия субъектісі болып табылады және жылу энергиясын өндіру, сондай-ақ магистральдық құбырлар арқылы су беру бағыттары бойынша Мемлекеттік тіркелімге енгізілген. Кәсіпорын өз қызметі аясында реттелетін әрбір қызмет түрі бойынша кірістерді, шығындарды және активтерді бөлек есепке алуды жүргізеді. Бұл өз кезегінде қызметтің ашықтығын қамтамасыз етіп, қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкестікті сақтауға мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жылу энергиясын өндіру көлемі жоспарланған 5,7 млн Гкал орнына 5,6 млн Гкал құрап, орындалу деңгейі 98%-ды көрсетті. Жыл ішінде аталған қызмет бойынша тарифтер бірнеше рет өзгертілді. Қаңтар-тамыз айларында тариф 5 394,18 теңге/Гкал деңгейінде болды. Қыркүйек айынан бастап ол 5 241,05 теңгеге дейін (-2,8%) төмендетілді, алайда стратегиялық тауарлар құнының өзгеруіне байланысты кейіннен 5 740,81 теңгеге (+9,5%) дейін қайта көтерілді.
Жылу энергиясын өткізуден түскен табыс 30 881,7 млн теңгені құрады, ал шығындар 34 180,3 млн теңге болды. Нәтижесінде қаржылық қорытынды 3 298,6 млн теңге көлемінде шығынмен қалыптасты. Залалдың негізгі себебі – қолданыстағы тарифтің қызметті өндіруге жұмсалатын нақты шығындарға сәйкес келмеуі болып табылады.

Жылу энергиясын өндіру бағыты бойынша 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде 2025 жылға 1 623,4 млн теңге көлемінде қаржыландыру көзделген болатын, нақты игерілген қаражат 1 691,5 млн теңгені құрады. Бағдарлама аясындағы іс-шаралар амортизациялық аударымдар есебінен жүзеге асырылды.
Магистральдық құбырлар арқылы су беру бағыты бойынша нақты көрсетілген қызмет көлемі 31,9 млн м³ (жоспардың 108%-ы) құрады. Химиялық тазартылған суды өткізуден түскен табыс 4 232,4 млн теңгеге, шығындар 4 004,9 млн теңгеге жетті. Бұл ретте тұтынушыларға 226,5 млн теңге қайтарылып, қорытынды пайда 1,0 млн теңгені құрады.

Аталған сегмент бойынша 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама жоспарланған 48,3 млн теңге көлемінде толық орындалды. Қаржыландыру компанияның меншікті қаражаттары есебінен, соның ішінде амортизациялық аударымдар мен тарифке енгізілген пайда есебінен қамтамасыз етілді.
Негізгі баяндамадан кейін тыңдауға қатысушылар бірқатар өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Атап айтқанда, 2-ЖЭО-дан БЖК-ге дейінгі жылу магистралін қайта құру жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылу барысы, Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-дағы отынның меншікті шығыны, сондай-ақ жұмыскерлердің орташа айлық жалақы деңгейі талқыланды. Қойылған барлық сұрақтарға толық әрі жан-жақты жауаптар берілді.
Жария тыңдаулар компанияның тұтынушылармен және мүдделі тараптармен ашық диалогқа әзір екенін, сондай-ақ өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отырғанын көрсетті.