Әрбір санның артында нәтиже тұр
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ілияс Сейдіғалиев Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттың ерекшелігі – энергетик еңбегін салалық Энергетика министрлігі емес, елдің өнеркәсіп секторына жетекшілік ететін ведомствоның бағалағандығында.

Ілияс Нұрланұлы энергия үнемдеуді дамытуға, энергия тиімділігін арттыруға қосқан үлесі және адал еңбегі үшін осы марапатқа лайық деп танылды. Оның қызметі кез келген энергетикалық кәсіпорын үшін аса маңызды міндеттермен: ресурстарды ұтымды пайдалану, есептің дәлдігін қамтамасыз ету және өндірістік шығындарды азайтумен тікелей байланысты.
Бір қарағанда, сандар мен есеп-қисаптар өндірістің өзінен тым алшақ көрінуі мүмкін. Алайда нақты есептеулердің арқасында ғана ресурстардың қай тұста орынсыз жұмсалып жатқанын, қандай шығындарды қысқартуға болатынын және нені өзгерту қажеттігін анықтауға болады.
2020-2024 жылдары «АлЭС» АҚ-да энергия үнемдеу бойынша 140-тан астам іс-шара жүзеге асырылды. Осының арқасында жыл сайын жүздеген миллион теңге үнемделуде. Мұндай нәтижелер – компанияның түрлі бөлімшелеріндегі білікті мамандардың тынымсыз бірлескен еңбегінің жемісі.
Бүгінде Ілияс Нұрланұлы Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның өндірістік-техникалық бөлімін басқарады. Бөлімнің міндеттеріне отын мен энергияны есепке алу, жабдықтардың жылу үнемділігін талдау, техникалық есептілікті әзірлеу және есепке алу аспаптарын қадағалау кіреді. Станцияның өз ресурстарын қаншалықты тиімді пайдаланатыны осы деректердің дәлдігіне тікелей байланысты.
Ілияс Сейдіғалиевтің өзі энергия үнемдеудің мәнін қарапайым тілмен былай түсіндіреді:
– Энергия үнемдеу ауқымды жобалардан емес, нақты есептен басталады. Қанша жұмсап, қай жерден шығын шығып жатқанын білмейінше, үнемдеу туралы сөз қозғау мүмкін емес. Бұл алғыс хат – мен бірге жұмыс істеген бүкіл командамыздың еңбегіне берілген баға.
Бұл марапат энергия үнемдеу мәселесінің бір ғана саланың шеңберімен шектелмейтінін көрсетеді. Ресурстарды тиімді пайдалану күллі өнеркәсіп үшін аса маңызды, ал энергетиктердің жинақтаған тәжірибесі бұл міндетті іс жүзінде шешуге көмектеседі.
Әріптесінің еңбегі энергетика саласынан тыс жерде де бағаланғаны «АлЭС» АҚ ұжымы үшін ерекше мақтаныш.
Ілияс Нұрланұлын марапатымен құттықтай отырып, оған жаңа кәсіби табыстар тілейміз!