Әр жолақта – команда: АлЭС-тегі жүзу жарыстары
Су – бұл мінездің мықтылығы, төзімділік пен ішкі зейінділік айқын көрініс табатын ерекше орта. Дәл осы қасиеттерді «АлЭС» АҚ Спартакияда аясында жүзу жарысының қатысушылары толықтай көрсете білді.
Бұл күні бассейн энергия, жарыс рухы және нағыз командалық қолдау тоғысқан орынға айналды. Жарысқа 9 команда мен компанияның 35 жұмыскері қатысты. Бағдарлама ерлер мен әйелдер арасындағы жүзу сайыстарын, сондай-ақ жас ерекшеліктеріне қарай мұқият бөлінген топтарды қамтыды – ең жас қатысушылардан бастап, кәсіби әрі өмірлік тәжірибесі зор, ерекше құрметке ие жандарға дейін.
Әр команда келесі жас топтарына бір-бір өкілден ұсынды: 18-24 жас, 25-29 жас, 30-34 жас, 25-29 жас, 40-44 жас, 45-49 жас және 50 жас пен одан жоғары. Бұл формат әркімге өзін көрсетуге және команданың жалпы нәтижесіне үлес қосуға мүмкіндік берді.
Жарыстың алғашқы минуттарынан бастап бассейнде ерекше атмосфера болды – мұнда кездейсоқ адамдар болған жоқ. Әр қатысушының артында еңбек, жауапкершілік және өз ісіне адалдық жылдары тұрды. Жолаққа шыққаннан кейін олар физикалық дайындықты ғана емес, сонымен қатар энергетикада өте маңызды ішкі тұрақтылықты көрсетті.
Ерекше таңданыс тудырған – аға жас санатындағы қатысушылар болды. Олардың сенімді, дәл қимылдары, сабырлығы мен күш-жігері жас әріптестер үшін нақты үлгі болды. Ал жастар өз кезегінде қарқынды арттырып, жылдамдықтарын, жеңіске деген ұмтылыс пен спорттық жігерлерін көрсетті.

– Жүзу адамға ойын жинақтап, сергіп алуға көмектеседі. Жұмыс ауысымдарынан кейін бұл – күш-қуатты қалпына келтіріп, өзіңді сергек сезінудің ең тиімді тәсілі, – деп атап өтті жарыс қатысушысы, А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО ЖАӨЦ электр слесарі, Александр Ламзин.
– Біз тек өзіміз үшін ғана емес, өз департаментіміз, командамыз үшін өнер көрсетеміз. Мұны әрбір қашықтықта анық сезінесің, – деді жүзу жарысына қатысушы, «Энергожөндеу» ӨЖК 2-ТЖЖУ технигі, Арай Қалдыбай.
– Әсіресе әр буын өкілдерінің бір жолақта қатар шығуын көру өте қуантады. Мұнда жас айырмашылығы жойылып, тек өзара құрмет пен қолдау ғана қалады, – деп бөлісті аға жас санатының өкілі, БЖК қазандық цехының бастығы, Ербол Ибрашев.
– Мен үшін қатысу – бұл өз алдына бір жеңіс. Нәтиже көрсету ғана емес, осы ортақ энергияның бір бөлігі болу да маңызды, – деп қосты жас қатысушылардың бірі, А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженері, Әсем Жалғасбаева.
Әрбір жүзу сайысы шынайы эмоцияларға толы болды: көрермендердің қол шапалақтауы, әріптестердің қолдауы, жеңістің қуанышы және нәтижені лайықты қабылдау. Мұнда жеңілгендер болған жоқ – өйткені жарыстың басты нәтижесі бірлік, өзара құрмет және алға ұмтылуға деген ортақ жігер болды.

Жүзу жарыстары тағы бір мәрте дәлелдеді: АлЭС ұжымы – жай ғана кәсіби мамандар тобы емес, ортақ құндылықтармен, салауатты өмір салтымен және әрдайым үздік болуға деген ұмтылысымен біріккен, жұмыста да, спортта да, өмірде де биік нәтижеге жетуді мақсат ететін мықты қауымдастық.