Әр кезеңдегі дәлдік
Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інде №3 гидроагрегатқа жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар 18 тамызда басталып, 2026 жылдың 15 желтоқсанына дейін жалғасады. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыс көлемінің 25 пайызы орындалды. Жөндеуді мердігер ұйым жүргізуде.
Мамандар агрегатты бөлшектеуді бастамас бұрын, оған діріл сынағын өткізді. Бұл сынақтар жөндеуге дейінгі жұмыс параметрлерін тіркеп, ал барлық жұмыс аяқталғаннан кейін көрсеткіштерді салыстыруға мүмкіндік береді.

Қазір агрегат бөлшектеліп жатыр. Генератордың крестовинасы мен роторы бөлшектеліп, ірі тораптар монтаждау алаңына тасымалданды.
Осы бөлшектеуден кейін үлкен әрі көп еңбекті қажет ететін жұмыс басталады: жабдықты қарап шығу, өлшеу, ақауын анықтау, қалпына келтіру көлемін белгілеу.
– Бұл жерде асықпау маңызды. Әрбір торапты мұқият тексеріп, оның жай-күйін бағалап, содан кейін ғана одан әрі жөндеу туралы шешім қабылдау керек, – деп атап өтті станция директоры Әлібек Тастанбеков.

Жұмыстар бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Генераторлық және турбиналық мойынтіректер, табан тірек жөнделіп, май қабылдағыш бөлшектеліп жатыр. Мамандар жұмысшы доңғалақ камерасында білік тығыздағышын ауыстыруда.
Мойынтірек тораптары мен табан тірекке ерекше назар аударылады. Пайдалану кезінде оларға айтарлықтай салмақ түсетіндіктен, бұл жерде өлшеу дәлдігі мен жөндеу технологиясын сақтау маңызды.
– Гидроагрегаттағы барлық бөлшек бір-бірімен тығыз байланысты. Әрбір тораптың жөнделу сапасы сайып келгенде, жабдықтың жалпы жұмысына әсер етеді, – дейді станцияның электр машиналары цехының бастығы Александр Мирошниченко.

Сонымен қатар мердігер базасында ауа салқындатқыштар да жөнделіп жатыр.
Алда әлі жөндеу, жабдықты құрастыру, реттеу және сынақтан өткізу жұмыстары тұр. Барлық жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін №3 гидроагрегат қажетті тексерулерден өтіп, одан әрі пайдалануға дайындалады.
Станциядағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүруде. Бұл энергетиктер үшін үйреншікті, бірақ жауапкершілігі жоғары жұмыс, өйткені түпкілікті нәтиже шынымен де әр кезеңдегі дәлдікке байланысты.