2-ЖЭО: стратегиялық тереңдетілген станция
Қазақстан астанасы үшін жаңа, ең ірі 2-ЖЭО-ны тұрғызу жоспары 1968 жылдың қаңтарында қалыптасты. Сол кезде Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігінің №65 қаулысы қабылданды.
Жобалық-сметалық құжаттама 1969 жылғы 31 қазанда бекітілді. ЖЭО құрылысының орны ретінде қаладан 10 шақырым қашықтықтағы жер телімі бөлініп, бекітілді. Станцияны қала сыртына шығару елордадағы ауаның ластану жағдайын ушықтырмау үшін өте маңызды болатын. Ол кезде Алматының шекарасы Рысқұлов – Ташкент көшелерінің бойында белгіленіп, ал құрылыстың таңдалған жерінде жыралар болған.

2-ЖЭО-ның жобалық параметрлері: қуаты 315 мың кВт, бу өндіру қуаты сағатына 1260 тонна. Бірінші кезектің құрылысы 1974 жылы басталды. Сейсмикалық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында станция 12 метрге тереңдетілді. Бұл қала үшін өмірлік маңызы бар кәсіпорынның жер сілкінісі қаупі бар аймақта және «қатерлі саздақтарда» салынуы тиіс екендігімен де байланысты болды. Басқа жерлер бұл мақсатқа мүлдем сәйкес келмеді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев құрылысқа зор мән берді. Қала үшін маңызды құрылыстың барысын қадағалау мақсатында қалалық «Вечерка» газеті 1976 жылы тілшілер бекетін ашты. Мақалалар топтамасының алғашқыларының бірі «Эта долгая «начальная стадия» («Мына бітпейтін «бастапқы кезең») деп аталды.

Параметрлері жағынан өзге ұқсас станциялардан айтарлықтай ерекшеленбегенімен, бұл станцияның өте қызықты әрі күрделі ерекшеліктері бар. Олар жер асты топырағының аса үйреншікті емес геологиялық құрылымына және жергілікті жердің тоғыз балдық сейсмикалықтығына байланысты туындаған. Елімізде мұндай жағдайда жылу электр станциясы бірінші рет құрылып отыр. Оның үстіне, мамандар мұндай жағдайда құрылыс жүргізудің әлемдік тәжірибеде де баламасы жоққа тән екенін алға тартады.
Дәл осы жағдайлар ВНИПИ энергопром Орта Азия бөлімшесінің жобалаушыларына осы ЖЭО үшін «тереңдетілген нұсқа» деп аталатын әдісті таңдауға түрткі болды. Оның мәні мынада: бас корпустың іргетасына орын дайындау үшін, алдымен жердің 15 метрлік қабатын алып тастау қажет. Ал іс жүзінде, мұндағы қосалқы корпус тіпті бұрғылап құйылатын қадалардың үстіне салынады. Мұндай тәсіл Қазақстанда бұрын-соңды қолданылмаған,» – деп жазды «Вечерняя Алма-Ата» газетінің тілшісі В.Никонов 1976 жылғы 18 мамырдағы репортажында.

Жұмыс екпінді басталды: Степан Захарович Полдың кешенді бригадасы құрылыстың бірінші күні 425 текше метр бетон құйды. Әдеттегідей, бұл еңбек ерлігі КОКП-ның XXV съезіне арналды. Алайда құрылыста бәрі бірқалыпты болған жоқ. Екпінді бастамаға қарамастан, мұнда техникалық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік сипаттағы басқа да мәселелерді айтпағанда, қаламен телефон байланысының өзі болмады. Кемшіліктер «шеру» барысында түзетіліп отырды. Газет мәселелерді жасырмай, керісінше, ашып көрсетті.
Станцияның бас инженері Илья Давыдович Готлибтің «Вечеркаға» мәлімдеуінше, 1975 жылы құрылысшылар жоспарды орындай алмаған, сол себепті 1976 жылы қалыпты жұмыс істеуге негіз де, алғышарт та жасалмаған. «Қазіргі станция құрылысындағыдай жоспарлаумен және еңбекті ұйымдастырумен оны іске қосу жоспары орындалмай қалуы әбден мүмкін.» Маманның айтқаны айдай келді.
Құрылыс, расында да, ұзаққа созылды. Басталу кезіндегі жүйелік мәселелер бірқатар факторларға байланысты ушықты. Соның ішінде станцияның бірегейлігі де бар еді, себебі көптеген типтік құрылыс және пайдалану нормалары оған бастапқыдан-ақ сәйкес келмеді. Бірегей идеялар бірегей шешімдерді талап етті. Ондай шешімдер табылды да. Мысалы, мұнда елімізде алғаш рет сейсмикалық жағдайға бейімделген, бу өнімділігі сағатына 420 тоннаны құрайтын қазандық агрегаттары енгізілді.

Алайда қиындықтарға қарамастан, іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 1974 жылдың тамызынан 1980 жылдың қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіліп бітті.
«Алматыэнерго» басқарушысы А.Ж.Жақұтовтың төрағалығымен Мемлекеттік қабылдау комиссиясы 1980 жылы 30 қыркүйекте 2-ЖЭО-ның бірінші іске қосу кешенін қабылдау актісін жасады. Жалпы, 2-ЖЭО құрылысының бірінші кезеңі 1978 жылдан 1983 жылға дейін созылды. Оған қоса станция қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салынып, тіпті шипажай-профилакторий де бой көтерді. Нәтижесінде қала қажетті киловатт қуатына қол жеткізді…