2-ЖЭО газға көшуге дайындалуда
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 2-ЖЭО-ны көмірден газға көшіру және жаңа газ станциясын салу жобасының барысымен танысты.

Газға көшкеннен кейін зиянды шығарындылар көлемі 90 пайыздан астамға – жылына 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін қысқарады. Бұл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және қаладағы ауа сапасын жақсартуға септігін тигізеді.

Қазір жаңа станция 94 пайызға дайын. Жабдықтардың 99%-ы жеткізілді, генераторлары бар үш газ турбиналы қондырғы және төрт су жылыту қазандығы орнатылды. Қазандық-утилизаторларды орнату жалғасуда. Жақын арада іске қосу-баптау жұмыстары басталады, оларды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

2-ЖЭО-ның газға көшуі күл-қож қалдықтарының түзілуі мен жинақталуынан толық арылуға мүмкіндік береді.
Жобаның іске асырылу барысы толық аяқталғанға дейін тұрақты бақылауда болады.