125 баланың күлкісі – жылдың ең бағалы нәтижесі
Артқа
26.12.2025

125 баланың күлкісі – жылдың ең бағалы нәтижесі

Жаңа жыл қарсаңында «АлЭС» АҚ-да шынайы жылулық пен бірлікті сезіндіретін, қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналған қайырымдылық акциясы өтті.

Бастапқыда ерікті түрде қаражат жинау «Жігер» орталығындағы балаларды қолдау мақсатында басталған болатын. Алайда акция барысында ұйымдастырушыларға ШЖҚ «Балаларды ерте оңалту орталығы» КМК өкілдері 75 балаға көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінді. Барлық балаларға мерекелік қуаныш сыйлау үшін күш біріктіру жөнінде ортақ шешім қабылданды.

Акция нәтижесінде 125 бала жаңа жылдық сыйлықтарға ие болды. Әрбір балаға ерекше көңіл, қамқорлық пен жылулықпен толыққанды тәтті сыйлықтар дайындалды. Қайырымдылық қаражат жинаудың қаржылық қорытындысы 1 120 083 теңгені құрады.

Акцияны жүзеге асыруда жастардың рөлі айрықша болды. «Жарқын Болашақ» ұйымының он жеті өкілі қаражат жинауды ұйымдастырып қана қоймай, тәттілерді сатып алудан бастап сыйлықтарды жинақтауға дейінгі барлық кезеңдерге жеке қатысты. Жастар бұл нәтижеге тек әріптестерінің қолдауының, сенімінің және көмектесуге дайын екендігінің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.

– Біз «Жарқын Болашақ» жастар ұйымының жігіттерімен бірге балаларға арналған жаңа жылдық шырша мерекесіне орай үлкен ықылас пен ақ ниетпен қаражат жинауды ұйымдастырдық. Көптеген бейжай қарамайтын жандардың үн қатып, өз үлестерін қосқаны бізге ерекше қуаныш сыйлады. Ортақ қолдаудың арқасында біз екі балалар орталығына арналған сыйлықтарды дайындай алдық. Қаражат жиналғаннан кейін барлығымыз бірге тәттілер сатып алуға барып, оларды айрықша мұқияттылықпен таңдадық, кейін әрбір сыйлық дорбасын бірігіп жинап, оның ішіне тек тәттілерді ғана емес, жылулықты, қамқорлықты және шынайы тілектерді де қостық. Бұл үдеріс бізді біріктіріп, нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады.

Біз балаларға қуаныш, күлкі және жаңа жылдық ғажайыптың бір бөлшегін сыйлай алғанымызға шын жүректен қуаныштымыз. Осы игі іске атсалысқан барша жанға алғысымызды білдіреміз, – деген ойымен бөлісті А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО БжТҚҚЦ инженері Алуа Айтбек.

Балалармен кездесуден алған жылы әсерлерімен көшпелі іс-шараға қатысушылар да бөлісті.

– «АлЭС» АҚ атынан біз ерекше балаларға арналған үйге барып, бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстадық. Кездесу өте жылы әрі әсерлі өтті. Балалардың қуанышын көріп, біз де ерекше сезімге бөлендік. Осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз», – деп атап өтті БЖК инженер-технологы Әсем Садуакас.

Мұндай бастамалардағы жеке қатысудың маңыздылығы мен құндылығы туралы Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО жастарының өкілі де өз пікірін білдірді:

– Біз, «АлЭС» АҚ жұмыскерлері, бейжай қалмау мен өзара қолдауды басты бағдар етіп, бірлесе отырып қаражат жинауды ұйымдастырдық. Жиналған қаражатқа кішкентай балаларға арналған сыйлықтар дайындап, оларды өз қолымызбен табыстадық. Әрбір баланың қуанышын көру – ерекше бақыт. Осындай игі істер арқылы мейірімділік пен қамқорлық танытудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте түсінеміз деп ойлаймын. «АлЭС» АҚ жастары алдағы уақытта да қоғамға пайда әкелетін қайырымдылық бастамаларды жалғастыратынына сенімдімін, – деп бөлісті Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО турбиналық цехының 5-разрядты слесарі Изадулла Әбдір.

Мұндай акциялар әсіресе мерекелер қарсаңында ерекше маңызды: «Биыл да өткен жылдағыдай Жастар ұйымымен бірге өте игі іс атқардық. Күнделікті күйбең тіршілікте біз көбіне танымайтын жандарға көмектесуді ұмытып кетеміз, ал мереке күндері балаларға күлкі сыйлау мүмкіндігі жүректі ерекше жылытады. Әрбір бала бақытты болуға лайық», – деп атап өтті «Энергожөндеу» ӨЖК ӨТБ өндірісті дайындау жөніндегі инженері Жанерке Панарханқызы.

Қайырымдылық акциясының ұйымдастырушылары қаржы көлеміне қарамастан қатысқан барлық жандарға, сондай-ақ ұйымдастыру, сатып алу жұмыстары мен қолдау көрсетуге атсалысқандардың барлығына алғыс білдірді.

Бұл акция: жақсылықтың қарапайым қадамнан басталатынын және оны бірлесіп жасағанда күшейе түсетінін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Бұл қайырымды істердің шуағы оған қатысқан жандарға балалардың шат күлкісі мен жүректерге ұялаған жылу болып қайта оралғай.

Жаңа жыл құтты болсын! Мейірімділікке, қамқорлық пен адамгершілікке толы жыл болсын.