1-ЖЭО Kaizen орталығы: идеядан нәтижеге дейін
Артқа
08.09.2026

1-ЖЭО Kaizen орталығы: идеядан нәтижеге дейін

Тамыз айынан бастап Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да жаңартылған Kaizen орталығы жұмыс істей бастады. Бөлме жөнделіп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Мұнда тек кездесулер өткізіп қана қоймай, қызметкерлердің ұсыныстарымен жұмыс істеуге, оқуға және өндірістік мәселелерді талқылауға барынша ыңғайлы жағдай жасалды.

Негізінде, орталықтың тарихы одан ертерек басталған. 2024 жылдың соңында станцияда Шағын бастамашыл топ құрылған еді. Оның мүшелері тікелей жұмыс орындарында шағын, бірақ пайдалы жақсартуларды іздеуге бағытталған кайдзен тәсілін дамытуды қолға алды.

Станция басшылығының қолдауымен бұл жұмысқа арнап жеке бөлме бөлінді. Оның тұжырымдамасы мен безендірілуін кадрлар бөлімінің кадрларды даярлау жөніндегі инженері Ақерке Оразова әзірлесе, орталықты жабдықтауға ШБТ-ның барлық мүшесі атсалысты.

Қазір бұл жерге бастамашыл топ жиналып, қызметкерлердің ұсыныстары мен ағымдағы өндірістік мәселелерді талқылайды, сондай-ақ идеяларды рәсімдеп, көрнекі түрде ұсынады. Егер қызметкер қандай да бір процесті оңайырақ, ыңғайлырақ немесе тиімдірек ұйымдастыруға болатынын байқаса, осы орталыққа хабарласа алады. ШБТ мүшелері ұсынысты рәсімдеп, оны әрі қарай ілгерілетуге көмектеседі. Бұл ретте идеяның авторы қызметкердің өзі болып қала береді.

– Бұрын идея тікелей жұмыс орнында туындауы мүмкін еді, бірақ қызметкер оны қалай дұрыс ресімдеп, қайда хабарласу керегін әрдайым біле бермейтін. Енді бәрін сабырмен талқылап, әріптестермен бірге не істеуге болатынын қарастырып, ұсынысты нәтижеге жеткізетін орын бар. Бұл, сірә, ең маңыздысы, – деп атап өтті станцияның ӨТБ бастығының орынбасары Еркебұлан Жасқайратов.

Kaizen орталығының жеке бөлігі еңбекті қорғауға арналған. Мұнда қауіпсіздік техникасы бұрышы жабдықталған және «Кирилл» жаттығу құрылғысы орнатылған. Қызметкерлер осы құрылғыда білімін тексеріп, ҚТ бойынша емтихан тапсырады. Сондықтан орталықты тек ШТТ қатысушылары ғана емес, станцияның түрлі бөлімшелерінің қызметкерлері де үнемі пайдаланады.

Сондай-ақ мұнда жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлерге кіріспе нұсқама беріліп, оқыту бейнематериалдары көрсетіледі, білімдерін тексеру және алғашқы көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылады. Орталықтың жабдығы жұмыс кеңестерін, жөндеу штабтарын және бейнеконференциялар өткізуге мүмкіндік береді.

– Барлығының бір жерде ұйымдастырылғаны ыңғайлы. Оқудан өтіп, емтихан тапсырып, материалдармен танысуға болады. Мұндағы ахуал да мүлдем басқаша – жай келіп, сұрақтарға жауап беріп кете салмайсың. Бір нәрсені нақтылауға, белгілі бір жағдайды талқылауға, әріптестерге сұрақ қоюға мүмкіндік бар, – деп бөлісті Жөндеу қызметінің 1-санатты инженері Ернар Дыбыс.

Kaizen орталығы санаулы айдың ішінде станцияның жұмыс ырғағына еніп үлгерді. Мұнда түрлі бөлімшелердің қызметкерлері бас қосып, күнделікті кездесетін мәселелерді талқылайды және оның шешімін іздейді. Көбіне дәл осындай ұсыныстардың тиімділігі жоғары болады: себебі жабдықпен немесе белгілі бір процесті үнемі атқаратын қызметкер нені өзгертуге болатынын бірінші болып байқайды.

Орталықтың жұмыс қағидаты өте қарапайым: мәселені көрдің бе – шешімін ұсын, әріптестеріңмен талқыла, іске асыр да, нәтижесін көр.

Оның негізгі мәні де осында жатса керек. Kaizen орталығы – өз идеяңды айтып қана қоймай, оны жүзеге асыру үшін әріптестеріңмен бірге әрекет ететін орын.