«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы 2-ЖЭО-ны жаңғырту және 3-ЖЭО-ны қайта құру жұмыстарының барысын тексерді
Артқа
25.11.2026

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы 2-ЖЭО-ны жаңғырту және 3-ЖЭО-ны қайта құру жұмыстарының барысын тексерді

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасы Аңсар Айдаров жұмыс сапары аясында Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ның құрылыс алаңдарына барып, стратегиялық энергетикалық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, тапсырыс беруші мен бас мердігерлердің өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді.

Алматы 2-ЖЭО-да іске қосу-баптау жұмыстарының белсенді кезеңі жалғасуда. 2026 жылғы 31 қазаннан бастап жаңа су жылыту қазандығынан жылу энергиясы берілуде.

Қазіргі уақытта іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп, үш газ және бір бу турбинасын кезең-кезеңімен іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бүгін, 25 қарашада, Siemens Energy компаниясы өндірген үшінші газ турбинасын тұтандыру жұмыстары сәтті орындалды. 2026 жылғы 30 қарашада электр энергиясын желіге беру жоспарланған.

Алматы 3-ЖЭО-да жалпы қуаты 544 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғыларын орнату арқылы станцияны қайта құру жобасы аясында Самұрық-Энерго басшысы құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысын тексеріп, құрылыс алаңының қазіргі жағдайымен танысты.

Бүгінгі таңда құрылыс алаңына негізгі технологиялық жабдықтардың 95%-ы жеткізілді. Ansaldo Energia компаниясының №1 газ турбиналық қондырғысының негізгі және қосалқы жабдықтарын монтаждау жұмыстары жалғасуда (орындалу деңгейі – 69%). Бірінші кәдеге жаратушы қазанды монтаждау жұмыстары 90%-ға орындалды. Бірінші бу турбинасын жобалық орнына орнатуға дайындық жүргізілуде, сондай-ақ бу турбинасының конденсаторын монтаждау жұмыстары 50%-ға орындалды. Бас корпустың жылу контурын тұйықтау бойынша монтаждау жұмыстары 70%-ға орындалды.

Алматы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқынын арттыру, мердігер ұйымдардың шарттық міндеттемелерін орындауын бақылауды күшейту және генерациялаушы қуаттарды белгіленген мерзімде іске қосуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

Екі жобаның да іске асырылу барысы «Самұрық-Энерго» АҚ басшылығының ерекше бақылауында.