Раджап Қонабаев: біліммен бөлісу – өз ісіңді жалғастыру деген сөз
Артқа
10.11.2026

Раджап Қонабаев: біліммен бөлісу – өз ісіңді жалғастыру деген сөз

«Оқулықтардан теориялық білім алуға болады, бірақ нағыз шеберлікке тек тәжірибе арқылы қол жеткізесің». Батыс жылу кешені электр цехының 5-разрядты кезекші электромонтері Раджап Юсупович Қонабаев осы қағиданы өз кәсібіндегі ең басты ұстанымдардың бірі санайды.

Оның энергетика саласындағы еңбек өтіліне биыл қырық жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде құрал-жабдықтар, технологиялар мен өндірістік жағдайлар айтарлықтай өзгерді. Алайда бұл салада қызмет ететін мамандарға қойылатын талаптар – қырағылық, жауапкершілік және әріптестерге арқа сүйей білу қасиеті сол күйі қалды.

Раджап Юсупович энергетика саласына саналы түрде келген. 1987 жылы әскерден оралған соң, Қарақалпақ АКСР-індегі Тахиаташ жылу электр станциясында еңбек жолын бастайды. Алғашқы жұмыс күндері ұжыммен танысумен және өзіне таңсық өндірістік ортамен есте қалды. Мамандықтың қыр-сырын нағыз игеру кезеңі де дәл сол кезде басталған еді.

Маман ретінде қалыптасуына оны алғаш жұмысқа қабылдаған электр цехының бастығы үлкен әсер етті. Оның: «Әрқашан мұқият әрі жауапты бол», – деген қарапайым ғана кеңесі өмірлік бағдарға айналды. Раджап Юсупович бұл өсиетті күні бүгінге дейін жадында сақтап келеді.

Жылдар бойы ол түрлі энергетикалық нысандарда, соның ішінде «Маңғыстаумұнай» компаниясының Қаламқас газтурбиналық электр станциясында қызмет атқарды. 1992 жылы «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша колледжді сырттай тәмамдады. Әрбір жаңа жұмыс орны оның кәсіби білімін шыңдап, тәжірибесін толықтыра түсті.

2016 жылдан бері оның кәсіби жолы Батыс жылу кешенінің электр цехымен тығыз байланысты. Мұнда ол 5-разрядты кезекші электромонтер ретінде өз міндетін абыроймен атқарып келеді.

Дегенмен бүгінде Раджап Юсупович үшін тек жеке жұмысы ғана емес, мамандыққа енді қадам басқан жас әріптестеріне қолдау көрсету де аса маңызды. Ол жастардың бір кездері өзі жүріп өткен жолды бағындыруы керектігін жақсы түсінеді: алдымен жабдықтармен танысу, содан кейін алғашқы дербес тапсырмалар және біртіндеп өзіне деген сенімділікті қалыптастыру.

Сондықтан жинаған білімін іркіп қалмай, өзгелермен бөлісуге тырысады. Жұмыстың қыр-сырын түсіндіреді, әртүрлі операцияларды қалай дұрыс орындау керектігін көрсетеді әрі тек тәжірибемен келетін маңызды тұстарға назар аударады.

– Жас мамандар үшін жай ғана нұсқаулық оқып немесе теория жаттап алу жеткіліксіз. Іс жүзінде бәрінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, жабдықты жете түсіну және әр жағдайда дұрыс әрекет етуді үйрену қажет. Мен оларға өзім үйренген тәжірибемді үйретуге тырысамын, – дейді Раджап Юсупович.

Ол үшін ұжымның орны бөлек. Бірге қызмет етіп жүрген әріптестерін сыйлайды, олардың қолдауын және кез келген уақытта көмекке келуге дайын тұратынын жоғары бағалайды. Оның ойынша, энергетика саласында өзара түсіністіксіз жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Бұл салада әр маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауысымдағы серіктеріне әрдайым сенім арта білуі тиіс.

– Осы салада еңбек еткен жылдар ішінде мынаны түсіндім: біздің мамандықтағы ең басты құндылық – адамдар. Құрал-жабдықты игеріп, технологияны үйреніп алуға болады, бірақ өзара қолдау мен ортақ іске деген жауапкершілік болмаса, тұрақты жұмыс та болмайды. БЖК электр цехы мен үшін туған ұжымымдай болып кетті. Осы ұжымның бір бөлшегі екенімді мақтан тұтамын, – дейді ол.

Бүгінде Ражап Юсупович жас мамандарға ерекше көңіл бөледі. Ол өзінің де бір кездері осылай бастағанын, аға буын әріптестерінен үйреніп, олардың ақыл-кеңесіне құлақ түргенін жақсы біледі. Енді өз білімімен бөлісіп, кәсіпті жаңадан игеріп жатқан жастарға қолдау көрсететін кез өзіне де келді.

Ол білікті маманның бір күнде қалыптаспайтынына нық сенімді. Бұған тәжірибе, сабырлық, ұқыптылық және үйренуге деген құлшыныс қажет. Ал қасында бағыт-бағдар беріп, іс жүзінде көрсете алатын тәжірибелі әріптесі болса, бұл жол әлдеқайда сенімді әрі жеңіл өтеді.

Ражап Юсупович үшін жас энергетиктердің өз міндетін құр орындап қана қоймай, оның мән-маңызын түсінуі, жауапкершілікті сезінуі және бір-біріне демеу бола білуі аса маңызды. Өйткені кәсіби дәстүрлер осылайша сақталып, шеберлік ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.

Ал ол өз еңбегінің басты нәтижесі деп тек міндетін адал атқаруды ғана емес, сонымен қатар жылдар бойы жинаған мол тәжірибесін энергетика саласын әрі қарай дамытатын кейінгі буынға табыстау мүмкіндігін біледі.