«Қыс-2026»: БЖК энергетиктері қысқы ТЖ кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады
Артқа
23.11.2026

«Қыс-2026»: БЖК энергетиктері қысқы ТЖ кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады

2026 жылғы 20 қарашада «АлЭС» АҚ Батыс жылу кешенінің аумағында «Қыс-2026» республикалық командалық- штабтық оқу-жаттығуы аясында жаттығу өтті. Тақырыбы: «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау».

Сценарий бойынша, күннің күрт суытуы мен коммуникациялардың ұзақ уақыт бойы пайдаланылуы салдарынан БЖК аумағында диаметрі 800 мм жылу желісінің құбыры шартты түрде жарылды. Жер бетіне ыстық су мен бу атқылап шықты. Сол маңда жүрген қараушы шартты түрде термиялық күйік алды. 580 жеке тұтынушы жылу мен ыстық сусыз қалды.

БЖК кезекші қызметі қаланың шұғыл және авариялық қызметтеріне дереу хабар беріп, оқиға орнына авариялық-қалпына келтіру бригадасын жіберді. Келген бөлімшелер міндеттерді өзара бөлісті. Әуезов ауданының ТЖ басқармасы штаб құрып, қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп отырды. Полиция қауіпті аумақты қоршауға алды. БЖК санитарлық қызметі зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетіп, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.

Бұл уақытта БЖК-ның апаттық-қалпына келтіру тобы зақымдалған учаскеге қауіпсіз жол ашып, оны магистральдан шартты түрде ажыратып, қысқы жағдайда үлкен диаметрлі құбырды ауыстыруға қалай дайындайтынын көрсетті. Шартты жөндеуден кейін қосылыстардың саңылаусыздығы мен жүйенің жылу тасымалдағышты жіберуге дайындығы тексерілді. Тұтынушыларға жылу және ыстық су беру қалпына келтірілді.

– Қыста мұндай диаметрдегі құбырдың жарылуы – апаттық бригада үшін ең күрделі жағдайлардың бірі. Мұнда әркімнің өз орны мен міндетін, яғни учаскені кім ажырататынын, құрал-сайманды кім дайындайтынын, кім сақтандырып тұратынын білуі маңызды. Оқу-жаттығу кезінде жігіттер абыржымай, үйлесімді жұмыс істеді. Нақты жағдайда да осылай сенімді әрекет ету үшін мұндай жаттығулар қажет, – деп атап өтті апаттық-қалпына келтіру тобына жетекшілік еткен «Энергоремонт» ӨЖК учаске шебері Данияр Қожахметов.

Оқу-жаттығуға барлығы 35 адам мен 11 бірлік техника қатысты. БЖК энергетиктерінен бөлек, олардың қатарында Әуезов аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының, №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің, аудан әкімі аппаратының, полицияның, жедел медициналық жәрдем қызметінің, сондай-ақ «Алматы Су» және «Алматы тазалық» ШЖҚ МКК апаттық-қалпына келтіру бригадасының мамандары болды. БЖК тарапынан оқу-жаттығуға екі арнайы техникамен 10 адамнан тұратын бригада қатысты.

– Мұндай оқу-жаттығудың басты міндеті – қалалық қызметтермен бірге қаншалықты жедел әрі үйлесімді әрекет ете алатынымызды тексеру. Хабарландыру, аумақты қоршауға алу, зардап шегушіге көмек көрсету, апатты ауыздықтау – мұның бәрі қатар әрі кідіріссіз жүруге тиіс. Оқу-жаттығу БЖК қызметкерлерінің бұған дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар біз жылыту маусымында кез келген штаттан тыс жағдайға сақадай сай болу үшін барлық кезеңді талдап, ескертулерді назарға аламыз, – деп атап өтті АҚ және ТЖ қызметінің бастығы Александр Довжик. Сол күні БЖК-де департамент директорының нұсқауымен нысандық жаттығу өтті. Қызметкерлер Батыс аудандық қазандығының мазут сорғы станциясындағы бу құбыры шартты түрде жарылған кездегі іс-қимылды, сондай-ақ өрт кезіндегі эвакуациялауды пысықтады.

Жылумен жабдықтаудың сенімділігі жабдықтың жарамдылығына ғана емес, сонымен бірге, әсіресе әр минут санаулы сәтте бірлесе әрекет ете білуге де байланысты.