Галстуксыз, бірақ ашық әңгіме
2026 жылғы 21 қарашада «АлЭС» АҚ-да Басқарма Төрағасының орынбасары – Бас инженер Бауыржан Болатұлы Қалиевтің жас мамандармен бейресми кездесуі өтті. Сондай-ақ оған Персоналды даярлау бөлімінің бастығы Жанар Сабикенова қатысты.
Басшылықтың жастармен кездесуі АлЭС-те тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұл жолы әңгіме таңғы шай үстінде, регламентсіз және алдын ала дайындалған баяндамаларсыз «Галстуксыз» форматында өтті.

Бір дастарқан басында АлЭС-тің әртүрлі өндірістік департаменттерінің жас қызметкерлері бас қосты. Олар ТЭЦ-2-дегі бу-газ қондырғысын іске қосу-баптау жұмыстарының барысы, ТЭЦ-3 құрылысы, ТЭЦ-1-ді жаңғырту перспективалары және компанияда кайдзен жүйесінің дамуы туралы ақпаратты тікелей басшылықтан алды.
Кездесу барысында жас мамандарды толғандыратын мәселелер де талқыланды: кәсіби өсу, жұмыс барысында кездесетін қиындықтар және өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндіктері. Әрбір қатысушы өз пікірін ашық білдіріп, көкейіндегі сұрақтарын қойып, басшылықтан тікелей жауап ала алды.
Бауыржан Болатұлының өзінің кәсіби жолы туралы әңгімесі ерекше қызығушылық тудырды.
– Бауыржан Болатұлының еңбек жолын қатардағы қызметтен бастап, табандылығы мен адал еңбегінің арқасында үлкен жетістіктерге жеткені мені ерекше шабыттандырды. Лауазымының жоғары екеніне қарамастан, ол қызметкерлермен ашық сөйлесіп, олардың сұрақтарын мұқият тыңдады. Бұл мен үшін үлкен мотивация, – деп бөлісті Батыс жылу кешенінің РҚА электр монтері Марлен Айтмағанбет.

– Бас инженердің кәсіби кеңестерін тыңдап, оның тәжірибесі туралы білу қызықты болды. Біз сұрақтарымызға жауап алып, ешбір ресмиліксіз, еркін сөйлесе алдық. Компаниямызда мұндай кездесулердің игі дәстүрге айналғаны қуантады, – деді Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО қазандық цехының шебері Мұхаммед Қуан.
Жас мамандардың өзара тіл табысуы да аса маңызды болды. Түрлі станциялар мен бөлімшелерде еңбек ететін олар жиі кездесе бермейді, сондықтан әріптестерінің атқаратын міндеттері туралы әрдайым біле бермейді.
– Маған бәрінен бұрын кездесу форматы ұнады. Бас инженер жастарға уақыт тауып, әрқайсымызды мұқият тыңдап, жалпылама сөзсіз нақты жауап берді. Компаниямыздың құндылықтарында «пікірін айтуға және оның естілуіне мүмкіндік беру» деген қағидат бар. Бүгін біз оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көрдік. Сонымен қатар, басқа департаменттерден келген әріптестермен әңгімелесу де қызықты болды, – деп атап өтті «Энергоремонт» ӨЖК ҚЖЖУ-1 аға шебері Әлішер Телтай.

– Біз еркін пікір алмасып, өзекті мәселелерді талқыладық және жаңа идеяларымызды ортаға салдық. Мұндай кездесулер жастарға сенімділік беріп, жаңа жетістіктерге шабыттандырады. Басшылыққа ашықтығы мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз. АлЭС жастарының бірлігі мен белсенділігі арта берсін! – деді 3-ЖЭО ЖҚБ шебері Бауыржан Кемелжан.
Бүгінде «АлЭС» компаниясында қатардағы қызметтен басшылық лауазымға дейін көтерілген тәжірибелі энергетиктер де, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар да жұмыс істейді. Мұндай кездесулер тәжірибемен тікелей бөлісуге септігін тигізіп, жас мамандарға компанияда кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Өйткені ертең Алматыны электр энергиясымен және жылумен сенімді түрде қамтамасыз ету ісі бүгін бас инженермен бір үстел басында отырған жастардың қолында болады.