Президент Жолдауы: әрбір энергетик үшін маңызды міндеттер
Артқа
16.11.2026

Президент Жолдауы: әрбір энергетик үшін маңызды міндеттер

Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи циклдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған ұжымдық кездесу өтті.

Станция қызметкерлері Жолдауда белгіленген негізгі бағыттарды, ең алдымен, энергетикаға қатысты мәселелерді талқылады. Бұл тақырыпқа Президент ерекше назар аударды. Ол бүгінде электр энергиясымен қамтамасыз етілу «әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторына» айналғанын атап өтті. Қазақстан жылына 123 млрд кВт/сағ өндіреді, алайда Мемлекет басшысының айтуынша, бұл «мүлдем жеткіліксіз». Еліміз жыл сайын тапшылыққа ұшырап, электр энергиясын көршілес елдерден сатып алуда.

Президент 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу міндетін қойды. Ол үшін, Жолдауда айтылғандай, «біз жаңа электр станциялары мен электр беру желілерін салуға және қолданыстағыларын жаңғыртуға міндеттіміз». Бұдан бөлек, «таза» көмір генерациясын, күн энергетикасы мен атом генерациясын дамыту, сондай-ақ еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін өзектендіру қажет.

Қапшағай ГЭС-інің ұжымы үшін бұл жай ғана дерексіз тақырыптар емес, күнделікті атқарылатын жұмыс: жабдықтардың ақаусыз істеуі, уақтылы жөндеу жұмыстары, қауіпсіздік талаптарын сақтау және электр энергиясын тұрақты өндіру.

Кездесуге қатысушылар Президенттің кадрлар туралы сөзін арнайы талқылады. Станция қызметкерлері энергетиканың дамуы тек жаңа қуат көздері мен ірі жобаларға ғана емес, сонымен қатар тікелей станцияларда еңбек ететін мамандардың біліміне, тәжірибесіне және жауапкершілігіне де байланысты деген пікірмен келісті. Сондықтан бүгінде жас энергетиктерді даярлау мен қолдау, сондай-ақ аға буын әріптестердің тәжірибесімен бөлісуі аса маңызды.