Көпжылдық еңбекке берілген жоғары марапат
2026 жылғы 6 қарашада Астанада KAZENERGY қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Марапатталғандардың қатарында – III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденіне ие болған «Алматы электр станциялары» АҚ Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО турбина цехының бастығы Мұрат Хабрашитұлы Сәрсембаев бар.
Мұрат Хабрашитұлы энергетика саласына 40 жылын арнады. Еңбек жолын сорғы қондырғыларының машинисі болып бастаған ол бүгінде станцияның турбина цехын басқарып келеді. Әріптестері оны кәсіби біліктілігі, байсалдылығы, әділдігі және тәжірибесімен бөлісуге әрдайым әзірлігі үшін құрметтейді. Бірлесе еңбек еткен жылдар ішінде ол көпшілік үшін тек білікті басшы ғана емес, ақыл-кеңес сұрап, қолдау іздейтін арқасүйер жанға айналды.
«АлЭС» АҚ ұжымы үшін бұл – ерекше жаңалық. Әріптесіміздің еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланғаны зор қуаныш сыйлайды. Бұл марапаттың астарында станцияда өткен ондаған жылғы қажырлы еңбек, күрделі өндірістік шешімдер мен адамдар және құрал-жабдық алдындағы зор жауапкершілік жатыр.

«Алматы электр станциялары» АҚ ұжымы Мұрат Хабрашитұлын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды!
Мұрат Хабрашитұлы, Сізге зор денсаулық, амандық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз! Алдағы уақытта жағымды жаңалықтар, қызықты міндеттер мен қуанышты сәттер мол болсын! Әріптестеріңіздің шынайы құрметі мен жақындарыңыздың ықылас-пейілі Сізге әрдайым күш-қуат пен сенімділік сыйласын.
Біз Сізді мақтан тұтамыз және осы қуанышыңызға шын жүректен ортақпыз!