Мейран Байматаев: «Үйренуге деген ниет болса, бәрі де міндетті түрде нәтижелі болады»
Артқа
07.11.2026

Мейран Байматаев: «Үйренуге деген ниет болса, бәрі де міндетті түрде нәтижелі болады»

Кейде мамандық бірден таңдалмайды. Оған деген қызығушылық бірте-бірте, сырттай бақылау, тәжірибелі әріптестермен араласу және көбірек білуге деген құштарлық арқылы пайда болады. Батыс жылу кешенінің 4-разрядты электр станциясы жабдықтарына қызмет көрсетуші слесарі Мейран Әбдіхамитұлы Байматаевтың да еңбек жолы осылай қалыптасты. Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын ол кәсіпорынға жүргізуші болып келгенде, түбінде мүлдем басқа мамандықты меңгеруге бел буатынын қаперіне де алмаған еді. Биыл ол мерейтойын атап өтуде, бұл – бір кездері үйреншікті жұмысын өзгертуден қаймықпай, бәрін ақ парақтан бастаған жан туралы баяндаудың тамаша сәті.

2006 жылы Мейран Әбдіхамитұлы Батыс жылу кешеніне жұмысқа орналасты. Жүргізушілік қызмет оған таныс еді, алайда жыл өткен сайын қазандық цехының ішіндегі тыныс-тіршілік оның қызығушылығын барған сайын оята түсті. Ол қазандықтар мен сорғылардың қалай жұмыс істейтінін, жабдықтардың өзара қалай әрекеттесетінін және станцияның іркіліссіз жұмыс істеуі үшін не қажет екенін тереңірек түсінгісі келді.

Он жыл бойы ол осының бәрін бақылап, қызығушылық танытып, әріптестерінен сұрап-біліп жүрді. Ал 2016 жылы маңызды қадамға батыл бел буды. Сөйтіп, өз бастамасымен қазандық цехына электр станциясының жабдықтарына қызмет көрсетуші слесарь болып ауысты.

– Әрине, оңай болған жоқ, – деп еске алады Мейрам Әбдіхамитұлы. – Сорғылар, қазандықтар, бактар, басқару қалқаны, толып жатқан түймелер. Басында осының бәріне қарап: «Мұның бәрін қалай меңгерсем екен?» – деп ойлайтынмын. Бірақ шынымен де үйренгім келді. Сөйтіп, біртіндеп, қадам-қадаммен бәрі ұғынықты бола түсті. Сол кезде: егер үйренуге ықылас болса, бәрі де міндетті түрде қолыңнан келеді дегенге көзім жетті.

Ол өзінің алғашқы тәлімгері, ауысым бастығы И.В. Когтевке ерекше ризашылығын білдіреді. Жас маманның цехқа бейімделуіне, жабдықтардың қыр-сырын түсініп, өз күшіне сенімді болуына көмектескен де – осы кісі.

– Ол көмектесуден ешқашан бас тартпайтын, мен түсінбеген тұстарды сабырмен түсіндіріп беретін. Сұрақ қоюдан қымсынбауға және әрбір ұсақ-түйекке мұқият қарауға үйретті. Бұл тағылым әлі күнге дейін есімде. Біздің жұмыста кездейсоқтыққа сенім артуға немесе қандай да бір елеусіз жайттың маңызы жоқ деп қарауға әсте болмайды.

Бүгінде Мейрам Байматаевтың өзі жас әріптестерімен тәжірибе бөлісіп жүр. Жауабынан гөрі сұрағы көп болып, бейтаныс жабдықтардың ортасында қалғанда қандай күй кешетінің ол жақсы біледі. Сондықтан еңбек жолын енді бастаған жастарға демеу болуға тырысады.

Оның пікірінше, тек оқулыққа қарап, білікті маман болу мүмкін емес. Жабдықтың жұмыс барысын көріп, ерекшеліктерін ұғыну, сондай-ақ аға буынның ақыл-кеңесіне құлақ асу қажет. Ең бастысы – үйренуден ешқашан жалықпау керек.

– Жастарға әрдайым: «Білмеген нәрселеріңді сұраудан тартынбаңдар. Қателік жібергенше, тағы бір мәрте сұрап, анықтап алған абзал», – деп айтып отырамын. Жауапкершілік, қырағылық пен темірдей тәртіп – әрбір энергетиктің бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Себебі біздің жұмысымызға жабдықтардың дұрыс істеуі ғана емес, адамдардың қауіпсіздігі де тікелей байланысты.

Жиырма жыл ішінде Батыс жылу кешені ол үшін жай ғана жұмыс орны емес, одан да әлдеқайда биік, ыстық мекенге айналды. Өмірінің маңызды жылдары осында өтті, достар тапты, тәлімі мол жандармен жолықты. Бүгінде ол өз ұжымын ең басты кәсіби олжаларының бірі санайды.

– Біздің ұжымда нағыз мамандар, жақсы адамдар еңбек етеді. Әрқайсысы өз ісінің шебері, сонымен бірге қажет кезде бір-біріне қол ұшын созуға әркез дайын тұрады. Осы жылдар ішінде етене жақын болып кеттік. Ұзақ жылдар бірге қызмет еткенде, ұжым шынымен де екінші отбасыңа айналады екен.

Мейран Байматаевтың өмір жолында оның жаңашылдыққа, өзгерістерге деген дайындығы ерекше сүйсінтеді. Он жыл бойы үйреншікті болып қалған ісін тастап, мүлдем басқа мамандықты игеруге кез келген адамның жүрегі дауалай бермейді. Ал ол тәуекелге бел буып, осы шешіміне еш өкінген емес. Ізденімпаздық, төзімділік пен әріптестерінің қолдауы оған жанына жақын, өзіне шын ұнайтын кәсіпті табуға септігін тигізді.

Биылғы жыл Мейран Әбдіхамитұлы үшін ерекше маңызды. Ол өзінің жеке мерейтойын ғана емес, сонымен бірге кәсіпорындағы еңбек жолының жиырма жылдығын да атап өтуде. Осы жылдардың астарында табанды күнделікті еңбек, толысқан тәжірибе мен білім, жаңа кәсіби шеберлік және қаншама жылы естеліктер жатыр.

Мерейтой күні әріптестері Мейран Әбдіхамитұлын шын жүректен құттықтап, адал еңбегі, кішіпейілділігі және әрдайым қол ұшын созуға дайын тұратыны үшін алғыс білдіреді. Зор денсаулық, отбасына амандық, бақыт және ұзақ ғұмыр тілейді. Алдағы өмірінде әлі талай қуанышты сәттер, жағымды кездесулер және жақындарымен мақтануға себеп болар жағдайлар көп болсын.

Ал оның өмір жолы қарапайым, бірақ маңызды бір шындықты еске салады: жасың қаншаға келсе де, әрқашан өзің үшін жаңа қырларды ашуға болады. Ең бастысы – ынта-жігер болып, алғашқы қадамды жасаудан қорықпау керек.