3-ЖЭО: уақыттан озған жастар
Артқа
02.11.2026

3-ЖЭО: уақыттан озған жастар

Жаңа электр станциясындағы болашақ жұмыс күніңізді елестетіп көріңізші. Заманауи жабдықтарды көріп, жаңа технологиялармен танысып, тіпті әзірге жоқ цехтарды аралап өтуге қалай қарайсыз? 3-ЖЭО-ның «Жарқын Болашақ» жас белсенділері осыны байқап көруді ұйғарды. Және мұны жасанды интеллекттің көмегімен жүзеге асырды.

«АлЭС» АҚ жас энергетиктері жасанды интеллектті пайдалана отырып, бейнероликтер жасаудан бақ сынап жатқан «AI: болашақ энергиясы біздің қолымызда» корпоративтік AI-челленджі аясында осындай жаңа туынды дүниеге келді.

3-ЖЭО-ның командасы бұл тақырыпты бекерден-бекер таңдаған жоқ. Қазір жаңа станцияның құрылысы жүріп жатыр, ал онымен бірге ұжым жұмысына да үлкен өзгерістер келмек. Жас энергетиктерді алдағы уақытта қандай жабдықтарды игеріп, қандай технологияларды қолданатыны және әдеттегі жұмыс күнінің қалай өзгеретіні қазірдің өзінде қызықтырады.

Олар өз бейнеролигінде заманауи жабдықтары, қауіпсіздік жүйелері мен техникалық шешімдері бар жаңа 3-ЖЭО-ны көрсетті. Осылайша, болашақта салынатын станцияға өзіндік бір виртуалды экскурсия жасалды.

3-ЖЭО қазандық цехының ауысым бастығы Дәуіржан Нұралы жобаға қатысудан алған әсерімен бөлісті:

– Бұл біз үшін қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды. Біз жасанды интеллект арқылы бейнеролик жасап, жаңа станцияны, оның жабдықтарын, техникалық сипаттамалары мен қауіпсіздік жүйелерін көрсетуге тырыстық. Әсіресе, мұның бәрі біздің болашақ жұмысымызбен тікелей байланысты болғаны ерекше баурап алды. Алдағы уақытта жаңа технологияларды игеруіміз керек, ал жасанды интеллект те өндірісте өз орнын табады деп ойлаймын. Мен үшін бұл жоба жаңа нәрсені байқап көруге және бізді алда не күтіп тұрғанын елестетуге мүмкіндік берді, – деді Дәуіржан Нұралы.

Бірнеше минуттық бейнероликтің артында идея іздеу, цифрлық құралдармен жұмыс істеу және болашақ станцияны жас энергетиктердің көзімен көрсету ниеті жатыр. Бұл істе кәсіби білім, тәжірибе және аздаған қиял кәдеге жарады.

Өйткені жасанды интеллектіге де тапсырманы дұрыс түсіндіре білу керек. Әсіресе, әңгіме ойдан шығарылған нысан емес, әрбір бөлшегінің өз атқаратын қызметі бар электр станциясы туралы болғанда бұл өте маңызды.

«Жарқын Болашақ» жастар ұйымының мүшелері үшін бұл челлендж өздерін жаңа істе сынап көруге, қызықты тапсырманы бірлесіп орындауға және әріптестерімен өз идеяларын бөлісуге мүмкіндік берді.

Жаңа 3-ЖЭО әзірге тек бейнероликте болса да, жас энергетиктер өздерін сондағы жұмыс орындарында жүргендей елестетеді. Алда жабдықтарды меңгеру, жаңа білім жинау және, әрине, жаңа станциядағы алғашқы жұмыс ауысымдары күтіп тұр.

Ал әзірге олар болашақ жұмыс орнында қазірдің өзінде болып қайттық деп күлімсіреп айта алады. Мейлі, ол жасанды интеллект көмегімен болса да.