Александр Коршаков: ұрансыз-ақ іске адал болу
Артқа
05.11.2026

Александр Коршаков: ұрансыз-ақ іске адал болу

Отыз төрт жыл бұрын Александр Коршаков 3-ЖЭО-ға турбина жабдықтарын қарап-тексеруші машинист болып келген еді. Ол кезде алдында тұтас бір еңбек жолы жатты. Жас маман күндердің күнінде еңбек жолын бастаған осы цехта ауысым басшысы боламын деп ойламаған да шығар. Бүгін Александр Анатольевич 60 жасқа толып отыр. Оның бүкіл кәсіби өмірбаяны дерлік осы бір ғана станциямен тығыз байланысты.

1992 жылы ол энергетика саласындағы алғашқы қадамын жасады. Қарап-тексеруші машинистің жұмысы мұқияттылықты, төзімділікті және күрделі жабдықтың қыр-сырын меңгеруге деген ынта-ықыласты талап етті. Уақыт өте келе тәжірибе жинақталып, шеберлігі де шыңдала түсті. Александр Анатольевич турбина бөлімшесінің 7-разрядты аға машинисі, ал 1998 жылы турбина цехының бас маманы атанды. 2005 жылдан бері ол ауысымға жетекшілік етеді.

Басшылық қызметтегі жиырма бір жыл ішінде ол түрлі адамдармен жұмыс істеп, күрделі өндірістік мәселелерді түйінін тарқатып, жауапты шешімдер қабылдады. Ол әркім өз міндетін жете түсініп, әріптесіне арқа сүйей алатын ұжымдағы тыныш әрі үйлесімді жұмыстың қадірін жақсы біледі.

Турбина цехындағы жұмыс дәлдікті, ұстамдылықты және үнемі қырағы болуды талап етеді. Александр Анатольевич өндірістің барлық қыр-сырын бес саусағындай біледі. Еңбек еткен жылдары ол өз міндетін мүлтіксіз атқарып қана қоймай, адамдармен тіл табысуды, қиын сәттерде әріптестеріне қолдау көрсетуді де меңгерді.

Оның кәсіби жолы қарамағындағылардың жұмысын құр есептерден ғана емес, іс жүзінде жақсы білетінімен де құнды. Бір кездері дәл сол міндеттерді өзі де атқарып, сондай қиындықтармен бетпе-бет келген, аға буын әріптестерінен тәлім алған. Ал қазір жас энергетиктердің өздері одан ақыл-кеңес сұрайды. Ол жөн сілтеп, түсіндіре біледі және шынымен маңызды жайттарға дер кезінде назар аударта алады.

Көп жылдар ішінде станция оған етене жақын әрі үйреншікті ортаға айналды. Мұнда оның кәсіби қалыптасуының ең жарқын жылдары өтті, сенімді достар тапты, сондай-ақ әдеттегі қызметтік қатынастан әлдеқашан асып түскен сыйластық орнады.

Әріптестері Александр Анатольевичті жауапты, тәртіпті және ең алдымен өзіне талап қоя білетін жан ретінде таниды. Ол оңай жол іздеуге немесе бастаған ісін аяқсыз қалдыруға дағдыланбаған. Ол үшін жұмыстың адал атқарылуы мен ауысымның тыныш өтуі маңызды.

Алпыс жас – артта талай белес қалған шақ. Александр Коршаковтың өмір жолындағы ең маңызды бағыттардың бірі 3-ЖЭО-мен тығыз байланысты. Мұның өзіндік ерекше мәні бар: осыншама жыл бойы өз мамандығыңа адал болып, оның қыр-сырын жетік меңгеру және жаныңда жүрген әріптестеріңе әрдайым қажет болу.

Мерейтой күні 3-ЖЭО ұжымы Александр Анатольевичті шын жүректен құттықтап, оған ең бастысы – зор денсаулық, отбасылық жылулық, жан тыныштығын және ұзақ та бақытты ғұмыр тілейді.

Станция табалдырығынан шыққанда сізді әрдайым ет жақындарыңыз күтіп алсын, шаңырағыңыз жылу мен тыныштыққа толы болып, алда көптен бері армандап жүрген барлық ісіңізге уақыт табылсын. Артта қалған әр жылыңыз тек жақсы естеліктерімен есте қалып, келер әрбір жаңа жыл қуаныш сыйласын.

60 жас мерейтойыңыз құтты болсын, Александр Анатольевич! Қызметіңіз бен адамдарға арнаған бар жақсылығыңыз өзіңізге сый-құрмет, қамқорлық және мейірім болып еселеп қайтсын!