АлЭС энергетиктерінің еңбегі мемлекеттік және корпоративтік наградалармен бағаланды
Артқа
26.10.2026

АлЭС энергетиктерінің еңбегі мемлекеттік және корпоративтік наградалармен бағаланды

Республика күніне орай «Алматы электр станциялары» АҚ-ның үш қызметкері көпжылдық адал еңбегі, кәсіби біліктілігі және Қазақстанның энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары марапаттарға ие болды.

Әрбір марапаттың артында – көпжылдық еңбек, жүктелген іске деген жауапкершілік пен мамандыққа деген адалдық жатыр.

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО директоры Фазоил Фазиолович Салимов мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ол еңбек жолын 1985 жылы 2-ЖЭО-да багерлік сорғы станциясының моторисі лауазымынан бастаған. 40 жыл ішінде ол қатардағы жұмысшыдан Алматыдағы ең ірі энергетикалық кәсіпорындардың бірінің басшысына дейін көтерілді. Оның басшылығымен жабдықтардың сенімділігін арттыруға және станцияның қуатын ұлғайтуға бағытталған маңызды өндірістік жобалар жүзеге асырылды. Бүгінде Фазоил Фазиолович өндірістік тәртіп пен қауіпсіздікке ерекше мән бере отырып, жинаған тәжірибесін жас энергетиктермен бөлісіп келеді.

Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-і Байланыс және есептеу техникасы тобының диспетчерлік жабдықтар мен телеавтоматика жөніндегі 6-разрядты электр монтері Асқар Орынбасарұлы Низанов «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Алғыс хатымен марапатталды.

Асқар Орынбасарұлының жалпы еңбек өтілі – 40 жыл, соның 14 жылында ол Қапшағай ГЭС-інде еңбек етіп келеді. Оның қарамағында байланыс, телеавтоматика және диспетчерлік басқару жабдықтары бар. Ол осы жабдықтардың ақаусыз жұмыс істеуіне жауап береді және жаңа техникалық шешімдерді енгізуге атсалысады. Әріптестері оны өз ісін жетік білетіндігі, жауапкершілігі және тәжірибесімен бөлісуге әзірлігі үшін жоғары бағалайды.

3-ЖЭО логистика бөлімінің бастығы Александр Савельевич Горохов «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының құрметті қызметкері» құрметті атағына ие болды.

Александр Савельевич 3-ЖЭО-да станция әлі Алматы МАЭС-і деп аталған 1995 жылдан бері еңбек етеді. Оның отыз жылдық еңбек жолы осы бір ғана кәсіпорынмен тығыз байланысты. Бүгінде ол логистика бөлімін басқарады, бөлімшелерді қажетті материалдық ресурстармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады, сондай-ақ қойма шаруашылығының жұмысын бақылайды. Осы жылдар ішінде ол ұжым жұмысын дұрыс жолға қоя білетін және күрделі өндірістік жағдайларда оңтайлы шешім таба алатын білікті маман әрі іскер басшы ретінде танылды.

Бұл марапаттар – күнделікті еңбегімен жылу және электр энергиясын сенімді өндіруді қамтамасыз етіп жүрген жандардың сіңірген еңбегін мойындау. Олардың тәжірибесі, білімі мен өз ісіне деген адалдығы компанияның жас мамандарына үлгі-өнеге болады.

«АлЭС» АҚ ұжымы әріптестерін лайықты марапаттарымен құттықтайды! Зор денсаулық, бақ-береке, жаңа кәсіби жетістіктер мен барлық бастамаларыңызға толағай табыс тілейміз!