Бригададағы сенімді жан
Артқа
24.10.2026

Бригададағы сенімді жан

Кейде адамның ұжымға сіңісіп кетуі үшін аз ғана уақыт жеткілікті. Бауыржан Қуандықов «Энергоремонт» ӨЖК-ге 2025 жылғы 2 қыркүйекте келген еді, ал бүгінде әріптестері оны арқа сүйеуге болатын сенімді серік ретінде таниды.

Ол күлді сумен шығару бригадасында еңбек етеді. Бауыржан Кайповичтің бұған дейін де мол өндірістік тәжірибесі болған: ол бірнеше жыл бойы ілмекші, одан кейін оператор болып жұмыс істеді. Сондықтан жаңа іске нық сеніммен, бірақ астамшылыққа салынбай кірісті – тәжірибелі әріптестерін мұқият тыңдап, сұрақтар қойып, кәсіптің барлық қыр-сырын біртіндеп меңгеріп алды.

Оның бұл ынтасын бригададағылар бірден байқады.

– Бауыржанға бір іс тапсырылса, алаңдамауға болады – ол жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізеді. Тез бітіру үшін асығыстыққа салынбайды, бәрін дұрыс әрі қауіпсіз орындауға тырысады, – дейді ҚЖЖУ-1 қазандық және шаң дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеу жөніндегі 4-разрядты слесарі Жалғасбай Әлиев.

КГТ учаскесіндегі жұмыс үнемі мұқият болуды талап етеді. Бауыржан Кайпович багерлік және үрлеу сорғыларына қызмет көрсетеді, ысырмалармен, газ өткізгіштермен және эмульгаторлармен жұмыс істейді, күл үйіндісіне де барып тұрады. Жөндеу науқаны кезінде қазандық жабдықтары мен жұмыс орындарын дайындауға атсалысады.

Алайда әріптестері оның тек тиянақтылығын ғана бағалап қоймайды. Бауыржан Кайпович адамдармен тез тіл табысады, қиындықтарға сабырмен қарайды және жаңа міндетке тап болса, ақыл-кеңес сұраудан тартынбайды.

– Ол үнемі істі қалай жақсырақ істеуге болатынын сұрап жүреді. Қасымызға келіп, нақтылап, қайта сұрап алудан тартынбайды. Оған берілген тапсырманы жай ғана орындай салу емес, жұмыстың мән-жайын терең түсіну маңызды екені көрініп-ақ тұр, – деп атап өтті 1-КЖЖУ 4-разрядты қолмен дәнекерлеу ісінің электр дәнекерлеушісі Мұса Жақиянов.

Бір жылдан сәл астам уақыт ішінде ол көп нәрсені үйреніп, ұжымға сіңісіп үлгерді. Алда әлі талай жаңа міндеттер мен жинайтын кәсіби тәжірибе жетерлік, бірақ Бауыржан Қайыпұлының бойында ең басты қасиет – жұмыс істеуге, үйренуге және өз бригадасына пайдасын тигізуге деген зор ынта бар.