Қауіпсіздік туралы – ортақ тілде: АлЭС, АЖК және АлТС компанияларының алғашқы бірлескен кездесуі
Алматының үш энергетикалық компаниясының – «АлЭС» АҚ, «АЖК» АҚ және «АлТС» ЖШС техникалық инспекторлары алғаш рет бір алаңда бас қосты. Әр кәсіпорынның өзіне тән жұмыс ерекшелігі, өндірістік міндеттері мен жинақтаған тәжірибесі бар. Алайда әңгіме адам қауіпсіздігіне тірелгенде, кәсіпорындар арасындағы шекара жойылады. Бұл ретте ережелерді біліп қана қоймай, қауіпті дер кезінде байқай білу, қателіктің алдын алу және әріптеске қол ұшын созу аса маңызды.
Алғашқы бірлескен кездесу «АлЭС» АҚ-ның А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да өтті. Онда «Энергия» жергілікті кәсіподағы» ҚБ ұйымдастыруымен «Қауіпсіздік энергиясы: серіктестік және алдын алу» атты семинар-тренинг болды.
Бұл күні әңгіме тек ережелер мен нұсқаулықтар төңірегінде ғана өрбіген жоқ. Қатысушылар нақты өндірістік жағдайларды талқылап, өзара тәжірибе алмасты, сондай-ақ тікелей жұмыс басында туындайтын сұрақтарға жауап іздеді. Өйткені кейде уақытылы байқалған қауіп немесе әріптестің қарапайым ғана кеңесі ауыр зардаптардың алдын алуы мүмкін.
Кездесуді «Энергия» жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Серік Тымбасбаев ашты. Ол өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін жұмыскерлер, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың тұрақты түрде бірлесе әрекет етуі қажет екенін атап өтті. Ал мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға ғана емес, өзге кәсіпорындардағы әріптестердің де бетпе-бет келетін мәселелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ семинарға «Қазақстандық салалық энергетиктер кәсіподағы» ҚБ төрағасының орынбасары Марат Қалиасқаров пен Еңбекті қорғау және қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Данияр Ниязов қатысты. Олар энергетика саласындағы өндірістік жарақаттану жағдайы, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша іс жүзіндегі шаралар туралы баяндады.
«АлЭС» АҚ Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бастығы, Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің төрағасы Сәкен Қожабековтің баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды.
Оның «Бақылаудан – профилактикаға. Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін жетілдірудегі техникалық инспектордың рөлі» атты баяндамасының тақырыбы әр қатысушыға жақын болды. Өйткені техникалық инспектор талаптардың сақталуын қадағалап қана қоймайды. Ол жұмысшылармен бірге жүреді, өндірістің қыр-сырын біледі және қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін жайттарды көбінесе бірінші болып байқайды.
Ең бастысы – тәртіп бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмеу керек, деп атап өтті Сәкен Қожабеков. Олардың себептеріне үңіліп, оларды жою және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

Тәжірибе алмасу семинардың ең қызықты бөлігі болды. Үш компанияның өкілдері күнделікті жұмыста кездесетін жағдайларды талқылап, сұрақтар қойып, қауіпсіз еңбекті ұйымдастыру тәсілдерін ортаға салды. Бір кәсіпорында бұрыннан бері табысты қолданылып жүрген тәжірибе басқаларға да пайдалы болуы мүмкін.
Энергетиктерге ортақ дүниенің қаншалықты көп екенін дәл осындай жүздесулерде ерекше түсінесің. Олар электр станциясында жұмыс істесе де, электр немесе жылу желілеріне қызмет көрсетсе де, қауіпсіздік мәселелері бірдей тиянақты көзқарасты талап етеді.
Әңгіме ашық әрі мазмұнды өрбіді. Қатысушылар салалық кәсіподақ мамандары мен «АлЭС» өкілдерін тыңдап қана қоймай, өздерін толғандырған мәселелерді әріптестерімен талқылай алды.
Семинар соңында техникалық инспекторларға оқуға қатысқаны туралы сертификаттар табысталды. Әңгіме-дүкен ортақ түскі ас басында жалғасты, онда еркін форматта жұмыс жайлы сөйлесіп, ой-пікір бөлісуге және байланыс деректерімен алмасуға мүмкіндік туды.

«АлЭС,» «АЖК» және «АлТС» техникалық инспекторларының алғашқы кездесуі өз кәсіпорныңның шеңберінен шығудың қаншалықты пайдалы екенін көрсетті. Әр компанияның ортаға салар тәжірибесі мен әріптестерінің кәдесіне жарайтын шешімдері бар. Бәлкім, дәл осы семинар Алматы энергетиктерінің бірлескен кездесулері сынды игі дәстүрге жол ашар.
Үш компанияның өндірістік міндеттері әртүрлі болғанымен, қаланы күн сайын жарық әрі жылумен қамтамасыз ететін жандар үшін арқалаған жауапкершілігі ортақ. Ал бұл жұмыстың ең басты нәтижесі – әрбір энергетиктің ауысымнан кейін үйіне аман-есен оралуы.