KAZENERGY А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да өкілі болды: өзгерістерді өз көзімен көру
22 қазанда А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға «KAZENERGY» қауымдастығының энергетика саласын дамыту жөніндегі атқарушы директоры Дамир Нарынбаев барды.
Сапар барысында ол қолданыстағы станцияның жұмысымен және газбен жұмыс істейтін жаңа 2-ЖЭО құрылысымен танысты.
Бүгінде бір өндірістік алаңда энергетиканың екі буыны қатар орналасқан. Қолданыстағы көмір станциясы Алматыны жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуді жалғастырып жатса, дәл іргесінде болашақта оның жүктемесін өз мойнына алатын жаңа станция бой көтеріп келеді.

Сапар кезінде Дамир Нарынбаевқа негізгі жабдықтардың жұмысы, құрылыс барысы мен болашақ станцияның ерекшеліктері таныстырылды. Жобаның экологиялық бағытына баса назар аударылды. Газға көшкеннен кейін ластаушы заттардың шығарындылары 93%-ға, ал көмірқышқыл газының мөлшері 55%-ға азаяды деп күтілуде.
– 2-ЖЭО Алматыны жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгін біз қолданыстағы станцияның қалай жұмыс істеп тұрғанын және оның дәл жанынан жаңасының қалай салынып жатқанын көрдік. Құрылыс ауқымы таңғалдырады. Ең бастысы, бұл жобаны іске асыру шығарындыларды айтарлықтай азайтып, қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді, – деп өз әсерімен бөлісті Дамир Нарынбаев.

Сондай-ақ кездесу барысында Алматыны сенімді энергиямен қамтамасыз ету мәселелері, энергетиктердің еңбегі мен станцияны дамыту перспективалары талқыланды.
2-ЖЭО үшін бұл – ерекше кезең. Ескі станция қалыпты режимде жұмысын жалғастырып тұрса, оның жанынан жаңасы бой көтеріп жатыр. Осы ауқымды құрылыстың әрбір кезеңінің артында Алматыны ұзақ жылдар бойы жылумен және жарықпен қамтамасыз ететін жандардың еңбегі жатыр.