«АлЭС» әйелдер клубы: әсер мен жаңа білім
Артқа
12.10.2026

«АлЭС» әйелдер клубы: әсер мен жаңа білім

9 қазанда 1-ЖЭО-да «АлЭС» АҚ Әйелдер клубының кезекті отырысы өтті. Оған түрлі станциялар мен департаменттерден әріптестер жиналды. Көпшілігі бір-бірін бұрыннан таниды, ал кейбіреулері алғаш рет келсе де, қысылып-қымтырылып жатпады: дастарқан басындағы шай үстінде әңгіме тез жарасып, көп ұзамай барлығы байырғы таныстардай еркін шүйіркелесіп кетті.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бас менеджері Айсұлу Иржанова клубтың басты жетістігі осында деп есептейді:

– Әр кездесу сайын біз бір-бірімізге жақындай түсудеміз. Қазір біздің клуб тату-тәтті бір отбасыға ұқсайды, негізі солай болуы да керек. Егер адамдар ортада өзін жайлы әрі жылы сезінсе, демек, клуб дұрыс бағытта дамып келеді.

Отырыс Әйелдер энергетикалық клубы мүшелерінің Қызылордаға сапары туралы есебінен басталды. Сапар «Трансформация энергиясы: кәсібилік пен шеберліктен жауапкершілік пен көшбасшылыққа» тақырыбында өткен болатын. Өз әсерлерімен БЖК қызметкерлері: химиялық қызметтің инженер-технологы Әсем Сәдуақас пен ӨТБ бірінші санатты инженері Мөлдір Жампозова бөлісті.

– Бізді тікелей әуежайдан қарсы алды, алғашқы сәттерден-ақ бізді шынымен де күткендері байқалды. Сапар бойы бізге қамқорлық көрсетіліп, осындай жылы ықылас ерекше сезілді. Біз үшін ең маңыздысы энергетикалық трансформация туралы семинар болды. Спикерлер өз өмірлері жайлы ашық әрі боямасыз әңгімеледі: кәсіби тұрғыда қалай өскендерін, көшбасшылыққа қалай қол жеткізгендерін, жұмыс пен отбасын қалай үйлестіріп жүргендерін айтып берді. Мұның бәрін тыңдай отырып, көптеген жайттың өзіңе де өте таныс екенін түсінесің, – деді Әсем Сәдуақас.

Содан соң қатысушылар облыстық тарихи-өлкетану музейінде және Қорқыт ата мемориалды кешенінде болды.

– Маған бәрінен де Қорқыт ата кешені ерекше әсер етті. Онда мүлде бөлек атмосфера қалыптасқан, өзің үшін шын мәнінде ненің маңызды екенін және балаларыңа нендей өнеге қалдыратыныңды еріксіз ойлай бастайсың. Ал әуезді ән мен әсерлі әңгімеге толы ұлттық нақыштағы қорытынды кеш өте жылы әрі жанға жайлы өтті. Бұл сапар бізге не берді десек, оның берері өте көп болды. Біз спикерлерден тың білім мен шынайы өмірлік мысалдарды түйіп қайттық, көшбасшылық пен өз жауапкершілігімізге жаңаша көзқараспен қарадық. Өлкенің тарихы мен мәдениетімен тереңірек танысып, әріптестерімізбен етене араласып, достасып кеттік. Ең бастысы, бойымызға күш-қуат жинап, жаңа істерді қолға алуға деген зор құлшыныспен оралдық, – деп бөлісті Мөлдір Жампозова.

Одан кейін стресс-менеджмент бағдарламасы туралы сөз болды. Қатысушыларға бұл бағыттағы оқуды қайдан өтуге болатыны және оның жұмыста да, күнделікті өмірде де қандай пайдасы бар екені түсіндірілді. Тақырып көпшіліктің көкейіне қонғандықтан, сұрақтар да аз болмады.

Содан соң «KazPromEducation» компаниясының дәрігері әрі алғашқы көмек көрсету жөніндегі оқытушысы Павел Понамаренко алғашқы көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақ өткізді. Ол күрделі терминдерді қолданбай, барлығын түсінікті етіп түсіндірді және манекенде бірден іс жүзінде көрсетті. Әрбір қатысушы жүрекке тікелей емес массаж жасап көруге мүмкіндік алды, әрі бұған ниет білдіргендер де көп болды. Солардың бірі – 3-ЖЭО кадр бөлімінің бастығы Галина Горбовская:

– Мен бұрыннан бері манекенде жүрек массажын жасап көргім келіп жүрген еді, ақыры сәті түсті. Өте қажет тақырып: өзің тәжірибе жүзінде жасап көргенде, нені және қалай істеу керегі жақсырақ есте қалады. Клубтағы үйдегідей жайлы орта мен кез келген тақырыпта еркін сөйлесуге болатыны ұнайды. Ұйымдастырушыларға және барлық қатысушыларға көп рақмет!

Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің сылақшы-сырлаушысы Маржан Өскембаева да өз әсерімен бөлісті:

– Маған өте қатты ұнады. Жылы қарсы алды, басқа департаменттердегі әріптестеріммен таныстым. Алғашқы көмек туралы өте қызықты айтып, бәрін іс жүзінде көрсетіп берді. Үлкен рақмет! Департаменттер арасында осындай кездесулер жиірек өткізіліп тұрса екен.

Маржанның бұл тілегін өзге қатысушылар да қолдап, клубтың келесі кездесуін асыға күтуде.