Станцияны іске қосу: 1-ЖЭО қысқы жүктемелерге дайындалуда
Артқа
08.10.2026

Станцияны іске қосу: 1-ЖЭО қысқы жүктемелерге дайындалуда

Б.Оразбаев атындағы Алматы 1-ЖЭО-да 2026-2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіндегі жұмысқа дайындық аяқталды.

Өткен жылыту маусымы аяқталған соң станция жазғы кезеңге жоспарлы түрде тоқтатылған болатын. Энергетиктер бұл уақытты әдеттегідей жөндеу науқанын жүргізуге, диагностика жасауға және жабдықтарды алдағы қысқы жүктемелерге дайындауға пайдаланады.

Станция тоқтап тұрған уақытта 1-ЖЭО-да негізгі және қосалқы жабдықтарға жоспарлы жөндеу жүргізілді, техникалық диагностика жасалды, сондай-ақ жылыту маусымының сенімді өтуіне тікелей әсер ететін жүйелер мен механизмдердің жай-күйі тексерілді.

Станцияны іске қосар алдында персонал жабдықтарды қажетті сынақтан өткізіп, оларды іске қосу операцияларына дайындады.

2026 жылғы 8 қазанда бекітілген бағдарламаға сәйкес 1-ЖЭО-ны іске қосу бойынша жұмыстар басталды.

– Жылыту маусымына дайындық – бұл бүкіл ұжымның ауқымды жұмысы. Жазғы кезеңде жөндеу жұмыстарының қажетті көлемі орындалып, жабдықтар тексерілді және сынақтан өткізілді. Біз үшін ең бастысы – станцияның қысқы жүктемелер кезеңінде сенімді жұмыс істеуі. Персонал күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа толық дайын, – деп атап өтті Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО директоры Кәрім Сартаев.

Б.Оразбаев атындағы Алматы 1-ЖЭО – Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған көне электр станцияларының бірі. Станция Алматы қаласының Жетісу ауданында орналасқан әрі қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін негізгі нысандар қатарына жатады. Оның басты тұтынушылары – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен өнеркәсіп орындары.

2026 жылы 1-ЖЭО-ға 91 жыл толады. Кезінде Алматы ОЭС (орталық электр станциясы) деп аталған кәсіпорынның алғашқы агрегаты 1935 жылы 25 қазанда іске қосылған еді. 1961 жылдан бастап станция жылу энергиясын бере бастады, содан бері оның шежіресі Алматыны тек электрмен ғана емес, жылумен де қамтамасыз ету ісімен тығыз байланысып келеді.

Бүгінде алғашқы іске қосылуынан бері тоғыз онжылдық өтсе де, 1-ЖЭО қала игілігі үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Құрал-жабдықтар жаңарып, соны технологиялар енгізілгенімен, басты қағида – жылыту маусымында станцияның сенімді жұмысын қамтамасыз етудегі энергетиктердің жауапкершілігі өзгеріссіз қала береді.