БЖК: жылу қалаға жол тартты
Артқа
08.10.2026

БЖК: жылу қалаға жол тартты

5 қазаннан бастап Батыс жылу кешенінің жылумен жабдықтау аймағында қаланы жылыту кезеңіне дайындаудың шешуші кезеңдерінің бірі – магистральдық және тарату жылу желілерінде айналымды (циркуляцияны) іске қосу әрі тұтынушыларды қосу жұмыстары басталды.

Жылу желілерін іске қосу – кезең-кезеңімен жүргізілетін және «АлЭС» АҚ мен «Алматы жылу желілері» ЖШС мамандарының үйлесімді жұмысын талап ететін күрделі технологиялық үдеріс.

Бірінші кезеңде жекелеген гидравликалық аймақтарда су айналымы қалыптастырылады. Ол үшін мамандар «АлТС» ЖШС диспетчерлік қызметінің өтінімі бойынша тікелей және кері жылу магистральдары арасындағы жалғастырғыштарды (перемычкаларды) ашып, қосымша желілік сорғылар мен қажетті бекіткіш арматураны іске қосады. Тікелей магистральдардағы желілік судың температурасы 70°С-қа дейін, ал екінші, үшінші және төртінші гидравликалық аймақтарда шамамен 65°С деңгейінде сақталады.

5 қазан күні БЖК жылумен жабдықтау аймағында 1-ОТТП бір желілік сорғысын іске қосу арқылы екінші гидравликалық аймақта айналым жүргізіле бастады.

Ал 6 қазанда мамандар бірінші гидравликалық аймақты іске қосуға көшті. Қажетті айналымды қамтамасыз ету мақсатында 1-ОТТП-ның алты бірдей желілік сорғысы жұмысқа қосылды. Сонымен бірге жылу магистральдарының кері құбырларындағы ысырмалар мен тікелей және кері бағыттағы желілер арасындағы қосымша жалғастырғыштар ашылды.

– Жылу желілерін іске қосу – бір сәттік процесс емес. Барлық жұмыс гидравликалық аймақтар бойынша, параметрлерді ұдайы бақылай отырып, кезең-кезеңімен атқарылады. Біздің міндетіміз – тұтынушыларды қосқан кезде жылудың тұрақты айналымын, қажетті температуралық режимді және жабдықтың сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Бұл кезеңде персонал әрекетінің үйлесімділігі мен барлық тартылған қызметтердің өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі өте маңызды, – деп атап өтті Батыс жылу кешенінің директоры Ержан Әбдік.

Желілердің іске қосылуына қарай тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйесіне қосу басталады. Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жылу бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшаларға, мектептер мен медициналық мекемелерге беріледі. Олармен қатар тұрғын үйлер мен өзге де тұтынушылар қосылады.

Бұл кезеңде желілік судың сапасына ерекше мән беріледі. Айналым басталған кезден бастап БЖК химиялық қызметінің мамандары күн сайын зертханалық бақылау жүргізеді. Атап айтқанда, құрамындағы темір мен өлшенді заттардың мөлшері тексеріледі.

Бұл бақылау тұтынушылар толық қосылып, желілік су сапасының көрсеткіштері тұрақталғанша жалғасады.

БЖК мамандары үшін жылу желілерін іске қосу – жыл сайын атқарылатын, әбден пысықталған жұмыс, алайда оның артында зор жауапкершілік тұр. Жылыту маусымының ойдағыдай өтуі мен Алматы тұрғындарының уақтылы жылумен қамтылуы энергетиктердің әрекетінің дәлдігіне және барлық қызметтердің үйлесімді жұмысына байланысты.