Басты сабақ – қауіпсіздік
«Самұрықнама» корпоративтік бағдарламасы аясында «АлЭС» АҚ-да «Қауіпсіздік мектебі» атты жаңа жоба басталды.

Алғашқы сабақ Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушыларына арналды және ол күнделікті өмірдегі қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне бағытталды. 3-ЖЭО-ның өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Назым Зекирова оқушыларға үйде, көшеде, жолда және қоғамдық орындарда өзін қалай дұрыс ұстау керектігін айтып берді.
Кездесу әдеттегі дәріс форматында өткен жоқ. Ұйымдастырушылар оқушылармен бірге өмірде жиі кездесетін жағдайларды қарастырып, туындауы мүмкін қауіптерді талқылады әрі оңтайлы шешімдер іздеді. Оқушылар сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз өмірлерінен мысалдар келтірді және қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетін ережелерді еске түсірді.
Әсіресе осындай формат оқушылардың есінде жақсы сақталды.
– Маған «Қауіпсіздік мектебі» таныстырылымы ұнады. Бұрын күнделікті өмірде қаншама қауіпті жағдайлардың болуы мүмкін екені туралы көп ойлана бермейтінмін. Әсіресе шынайы өмірден алынған мысалдар көкейде қалды, өйткені мұндай жағдайда адамның орнына өзіңді қойып көру оңай болды. Осы таныстырылымнан кейін өз қауіпсіздігіме және менің әрекеттерімнің өзгелерге қалай әсер етуі мүмкін екеніне баса мән бере бастадым, – деп ой бөлісті 11 «Б» сынып оқушысы Кирилл Максимов.
Сондай-ақ мектептегілер де мұндай кездесулер балаларға тың білім беріп қана қоймай, жеке жауапкершілік туралы ойлануға да мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Материал оқушылардың жас ерекшелігі ескеріліп, түсінікті әрі қызықты ұсынылды. Әсіресе, жолда, тұрмыста және қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері секілді өмірде кездесетін нақты жағдайлардың қарастырылуы аса маңызды болды. Мұндай іс-шаралар оқушыларға өз басы мен айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілікті түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті №38 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәншүк Әбдішева.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелерімен күнделікті айналысатын «АлЭС» АҚ мамандары үшін қауіпсіздік ережелерін жай ғана санамалап шығу емес, балаларға оларды сақтаудың маңызын түсіндіру өте өзекті.
3-ЖЭО өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Назым Зикирова оқушылардың белсенділігіне назар аударды:
– Балалар ақпаратты тыңдап қана қоймай, оны талқылауға белсене қатысып, сұрақтарға жауап берді және шынайы оқиғаларды талдады. Біздің басты міндетіміз – тек ережелермен таныстырып қана қоймай, балаларды қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет етуге әрі өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйрету.
«Қауіпсіздік мектебі» балалармен қауіпсіздіктің қарапайым күнделікті дағдылардан құралатынын тағы бір мәрте талқылауға мүмкіндік берді: мұқият болу, жағдайды бағамдау, жөнсіз тәуекелге бармау, өз әрекеттерінің салдарын ойлау және қауіп төнгенде не істеу керектігін білу.
Энергетиктер үшін қауіпсіздік мәдениеті – күнделікті жұмыстың басты негіздерінің бірі. Ал өмір мен денсаулық құндылығын ұғыну бала кезден бастап қалыптасуы өте маңызды.
«Қауіпсіздік мектебі» жобасы оқушыларды күнделікті өмірде әрбір адамға қажет қарапайым әрі маңызды ережелермен таныстыруды жалғастырады.