Біз қорғайтын жағалау
Адамдардың су қоймасы жағалауында тыныққаннан кейін қалдырған қалдықтарын су мен жел Қапшағай ГЭС нысандарына жиі алып келеді. Сондықтан мұндағы тазалықты сақтау – бір реттік шара емес, тұрақты жұмыс болып табылады. «Мөлдір бұлақ» экологиялық шарасы аясында энергетиктер станцияның арналық бөгеті бойындағы аумақты қайтадан тазалауға шықты.
Қолғап пен қаптарды алып, іске кірісті. Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің он бес қызметкері осы күні шамамен 7500 шаршы метр аумақты тазартты. Нәтижесінде 20 қапқа жуық қоқыс жиналды.
Бұл – үйреншікті жұмыс. Пластикалық бөтелкелерді, пакеттерді, қаптамаларды және басқа да қоқыстарды станцияға су мен жел әкеледі. Оның бір бөлігі адамдар жағалауда демалғаннан кейін осында қалса, енді бірі жағаға жеткенше су қоймасында ұзақ уақыт бойы жүріп өтеді.
– Біздің аумақтың өзіндік ерекшелігі бар: қоқыстың бір бөлігі су қоймасы жағынан келеді. Сондықтан тазалықты үнемі қадағалауға тура келеді. Біз мұнда күн сайын жұмыс істейміз, бұл аумақ біз үшін туған жердей, сондықтан оның таза болғанын қалаймыз, – дейді ӨТБ бөлімінің бастығы Павел Ким.
Шараға қатысушылар арналық бөгеттің бойына бөлініп орналасты. Біреулері суға жақынырақ жүрсе, енді біреулері іргелес аумақтарды тазартты. Қаптар біртіндеп толып, жағалау тазара бастады.
ӨТБ инженер-экологі Райхан Мақсұтованың пікірінше, мұндай шаралар табиғатта қалған қоқыстың тағдыры туралы ойлануға мәжбүр ететіндігімен де маңызды.
– Бір бөтелке немесе пакет ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ жел оларды суға ұшырып әкетеді, одан әрі олар су қоймасымен жылжып, ақырында станция құрылыстарының жанынан бір-ақ шығуы мүмкін. Сондықтан ең жақсы нәтиже – қоқысты жинау ғана емес, оны өзіңнен кейін қалдырмау, – дейді Райхан Мақсұтова.
Бірнеше сағаттық бірлескен жұмыстың нәтижесі бірден байқалды. Бөгет бойындағы аумақ тазарып, жалпы саны 20 қапқа жиналған пакеттер мен бөтелкелер көзден ғайып болды. Энергетиктер үшін бұл экологиялық шараға жай ғана қатысу емес. Станция мен су қоймасы олардың күнделікті жанында, сондықтан бұл аумаққа деген көзқарастары да ерекше.
«Мөлдір бұлақ» тағы бір рет қарапайым нәрсені анық көрсетті: таза жағалау үлкен экологиялық шарадан басталмайды. Кейде ол әркімнің өз қоқысын өзімен бірге алып кетуінен-ақ басталады.
