АлЭС туы астында – жаңа жеңістерге жету
Олег Пекущев кезекті ірі жеңісіне қол жеткізді. 21-27 қыркүйек аралығында Ыстанбұлда пауэрлифтинг пен жатып сығымдаудан Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додада «АлЭС» АҚ «Энергожөндеу» ӨЖК қызметкері бірінші орынға ие болып, алтын медальді қанжығасына байлады.
Олег «Энергожөндеу» ӨЖК-да арматура-механикалық цехының 6-разрядты слесарі болып еңбек етеді. Ол көп жылдан бері спортты кәсіби деңгейде серік етіп, халықаралық ірі жарыстарда Компания намысын талай мәрте сәтті қорғап келеді. Айта кетсек, бұл спортшының алғашқы жетістігі емес: бұған дейін Олег Дубайда өткен Азия чемпионатында бақ сынап, онда да чемпион атанған болатын.
Ол жылдан-жылға жаттығуын үзбей, жарыстарға белсене қатысып келеді және өз алдына жаңа мақсаттар қоюда. Әрбір медальдің артында тоқтаусыз өзіндік жұмыс, темірдей тәртіп пен қажырлы жаттығулар тұр.
Ұжымда Олегті тек мықты спортшы ретінде ғана емес, білікті тәлімгер ретінде де жақсы таниды.
Ол өз цехында спортпен айналысқысы келетін әріптестері үшін нағыз ұстазға айналды. Олег әріптестерімен бірге жұмысшылар жаттыға алатын арнайы спорт залын жабдықтады. Ал спортқа байсалды қарап, кәсіби деңгейде айналысуға бел буғандарға жеке бағдарламалар әзірлеп, жүктемені дұрыс таңдауға көмектеседі және жаттығуларды орындаудың қауіпсіз әрі тиімді техникасын көрсетеді.
Ол әрбір қызметкердің дайындығы мен мүмкіндігін ескере отырып, жеке ыңғайлы техниканы таңдауға тырысады.
Бұл қажырлы еңбектің нәтижесі де өз жемісін беруде. Оның шәкірттері де түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Шәкірттерінің жетістіктеріне Олег, тек спортшы ретінде ғана емес, өз ісіне адал тәлімгер ретінде ерекше қуанады.

Спортшының өзіндік тағы бір игі дәстүрі бар. Олег жарыстарға әрдайым «АлЭС» АҚ-ның туын ала жүреді. Бұл жолы да солай болды: Ыстанбұлдағы жеңістен кейін Компания туы тағы да алтын медальмен қатар желбіреді.
– Жарыс алаңына шыққанда, әрине, ең алдымен нәтиже туралы ойлайсың. Бірақ елде, туған ұжымыңда әріптестеріңнің саған тілеулес болып отырғанын сезіну өте маңызды. Мен Компания басшылығына көрсеткен қолдауы, спортқа және дамығысы келетін жұмысшыларға деген ерекше назары үшін алғыс айтамын. «АлЭС» туын өзіммен бірге әрдайым алып жүремін. Мен үшін бұл жай ғана рәміз емес, бұл – жарыстың ажырамас бөлігі және біздің ортақ командамыздың белгісі, – дейді Олег Пекущев.

Бұл жеңіс Олегтің жеке жетістігі ғана емес. Бұл табыстың артында әріптестерінің қолдауы, цехта оның айналасына біріккен спорттық қауымдастық және ол спортқа баулып, өз күштеріне сенуге көмектескен шәкірттері тұр.
«АлЭС» АҚ ұжымы Олег Пекущевті Азия чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтайды! Әріптесімізге жаңа спорттық белестер, мықты денсаулық, ал оның шәкірттеріне алдағы уақытта үлкен жеңістер тілейді.