2-ЖЭО және 3-ЖЭО нысандарына жұмыс сапары
Артқа
19.09.2026

2-ЖЭО және 3-ЖЭО нысандарына жұмыс сапары

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыдағы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО нысандарына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары барысында ол екі станциядағы жобалардың ағымдағы қарқынымен және құрылыс барысымен танысты.

2-ЖЭО-да сапарға қатысушыларға жобаның негізгі кезеңдері, алаңда орындалып жатқан жұмыстар және жабдықтарды дайындаудың одан әрі кезектілігі таныстырылды. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, олармен қатар іске қосу-баптау жұмыстары, сондай-ақ жекелеген жүйелерді дербес сынақтан өткізу жұмыстарын қатар атқарып жатыр.

Сапар барысында 3-ЖЭО құрылыс алаңына ерекше назар аударылды. Жоба өкілдері станцияның негізгі және қосалқы нысандары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Алаңда бірінші іске қосу кешенінің технологиялық жабдықтарын монтаждау және құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.

Жұмыс сапары аясында компания өкілдері министрге жобалардың ағымдағы ахуалы, орындалған кезеңдері және алдағы жұмыс жоспары туралыегжей-тегжейлі баяндады.

Техникалық дайындық деңгейі де жоғары. Бүгінде екі станцияның да іске қосу-баптау жұмыстарына қатысты жобалық құжаттамасы салалық сараптамадан өткен.

Министрдің бұл сапары өндіріс алаңындағы жұмыс қарқынын бақылап қана қоймай, стратегиялық нысандарды іске қосу жолындағы негізгі мәселелерді тікелей талқылап, оңтайлы шешімдер қабылдауға септігін тигізді.

ҚР Энергетика министрлігінің фотосы