Бекзат Қалелов: жауапкершілік қуаты
Артқа
11.09.2026

Бекзат Қалелов: жауапкершілік қуаты

Әрбір сызбаның, әрбір қорғаныс желісінің артында адам тұр. Б.Оразбаев атындағы Алматы 1-ЖЭО-да осы көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмысты БӨАжА инженері Бекзат Қалелов атқарады. Ол – қауіпсіздік, адалдық пен кәсібилікті жай ғана сөз емес, өмірлік ұстанымына айналдырған жас маман.

Бекзат Қалелов энергетика саласына кездейсоқ келгенін жасырмайды. Грант үшін осы мамандықты таңдап, АЭжБУ-ға оқуға түскен. Алайда, оқуын тәмамдап, 2022 жылы 1-ЖЭО-ға РҚжА электромонтері болып жұмысқа орналасқанда, таңдауының дұрыс болғанын ұғынған.

Алғашқы жұмыс күні есінде ерекше сақталыпты. Сол күні жас мамандарға станция ішін аралатып, таныстырған екен. Бұрын тек оқулықтар мен дәптер бетінде көрген дүниелері – үлкен агрегаттар, сызбалар мен құрылғылар кенеттен көз алдында жандана түскен. «Теорияда оқығанымды өз көзіммен көрдім», – деп еске алады Бекзат. Сондай-ақ кәсіби сұрақтарға еш мүдірместен жауап бергені де есінде. Бұл оның ішкі сенімділігін арттырып: «Оқуым зая кетпепті», – деген ойға жетелеген.

Еңбек жолын төртінші разрядтан бастап, кейін алтыншыға дейін көтерілген ол бүгінде БӨАжА инженері болып қызмет етеді. Бұл өсу – еңбектің заңды жемісі. Бірақ Бекзат үшін одан да маңыздысы – нағыз мықты маман болып қалыптасып, болашақта осы кәсіптің қыр-сырын өзгелерге үйрету.

Оның жұмысындағы ең бастысы – қауіпсіздік. Бүгінгі таңда оның бағыты – бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика (БӨАжА). Бұл жұмыс өндірістік жабдықпен тікелей байланысты әрі ерекше зейінділік пен жауапкершілікті талап етеді. «Менің жұмысымда өндірістік және электрлік қауіптер бар. Сондықтан қауіпсіздік техникасын сақтау – міндетті іс,» – дейді ол. Тіпті төмен кернеулі ток соққан, адамдардың токқа түскен жағдайлары да болған. Бұл энергетика саласының жеңілтектікті көтермейтінін тағы бір еске салады.

Жұмыс күні медициналық тексеруден басталады. Содан кейін тапсырмалар бөлініп, топпен жұмыс істеуге кіріседі. Бекзаттың міндетіне БӨАжА жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету, жабдықты кесте бойынша бақылап, тексеру жатады. Кейде сызбаны ұзақ уақыт талдап, басынан аяғына дейін қадам-қадаммен қарап шығуға тура келеді. Ақыры оның бүкіл логикасын түсініп, шешімін тапқан кездегі сезім ерекше. «Басынан аяғына дейін толық түсініп шыққанды қатты ұнатамын», – дейді ол.

Ол ұжымының негізінен жас жігіттерден тұратынын атап өтті. «Біз құрдаспыз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Өзімді еркін сезінемін», – деп бөлісті Бекзат. Команданың күші – осында.

Ол «бас сызба» өндірістік учаскесінің шебері Ерлан Мұсақұловты өзінің алғашқы тәлімгері санайды. Жауапкершілік пен мамандыққа деген көзқарас дәл осындай аға әріптестерден қалыптасады. Бекзат түсіндіре білудің маңызды екеніне кәміл сенеді. «Көп адам білгенімен, қарапайым тілмен түсіндіре алмайды. Ал түсіндіре алатын адам басқаларға көп нәрсе үйрете алады», – деп есептейді ол.

Бекзат энергетик мамандығы туралы еш әсірелемей, шынын айтады: бүгінде бұл мамандықтың беделі бұрынғыдай жоғары емес. Бірақ ол болашақтың энергетиктердің қолында екеніне сенімді. Бұл мамандар әрқашан сұранысқа ие болып, лайықты бағаланатын болады. Өйткені олардың еңбегінсіз не жарық, не жылу болмайды.

Жұмысында ол әсіресе өзінің тигізген пайдасын сезінгенді маңызды санайды: «Маған адамдарға қызмет еткенім, үйлерде жарық пен жылудың болғаны ұнайды». Тіпті қысқа тұйықталуды бақылау немесе жаңа трансформаторды іске қосу сияқты кәсіби сәттердің өзі оның ерекше қызығушылығын тудырады. Ол үшін бұл жай ғана техника емес, өзі түсініп, басқара алатын шынайы үдеріс.

Бекзат жұмыстан тыс уақытын бағалайды. Оны босқа кетіруге болмайтын құнды ресурс деп біледі. Ол спортпен шұғылданады, жүгіреді, самокат тебеді, бильярд ойнайды, кітап оқиды, тауға шығады. Саяхаттағанды жақсы көреді. «Бос уақытымды бейсауат өткізгім келмейді», – дейді ол.

Оның өмірлік қағидасы қарапайым әрі қатаң: «Қанша қиын болса да, өтірік айтпа». Бұл кеңесті оған әкесінен ерте айырылған соң өмірдегі ең басты тірегі болған анасы айтқан. Ол үшін ең негізгі сүйенер тірек – құндылықтар. Бекзат әлеуметтік желілердің кейде шынайы өмір сүруге кедергі келтіріп, нақты өмірден алшақтататынын мойындайды, ал ішкі бағдарын сақтауға сенімі мен жеке ұстанымдары көмектеседі.

Бала кезінде ол әскери болуды армандаған, бірақ денсаулығына байланысты өте алмады. Бүгінде өз таңдауына еш өкінбейді. Энергетика оның кәсібіне әрі жауапкершілігіне айналды.

Бекзат өзі жайлы қысқаша былай дейді: «Жауапкершілігі жоғары. Адал. Сенімді». Ал достары оған «ұқыпты» дегенді қосар еді. Ол өз сөзінде тұрып, айтқанына жауап беруге тырысады. Өмірдегі ең басты нәрсе не деген сұраққа: «Ең бастысы – адам болып қалу», – деп қарапайым ғана жауап береді.

Оның армандары станция аумағынан әлдеқайда ауқымды. Ол ауыл балаларына арнап мектеп ашып, оларға сапалы білім бергісі келеді. Сондай-ақ бүкіл әлемді көрсем дейді.

Бекзат Қалелов сияқты салмақты, ойлы, шынайы жас мамандар 1-ЖЭО энергетиктерінің жаңа буынын қалыптастыруда. Олар – мамандықты кездейсоқтық емес, саналы жауапкершілік деп білетін жандар.