Аккумулятор батареялары неліктен сонша маңызды?
Артқа
25.08.2026

Аккумулятор батареялары неліктен сонша маңызды?

Электр станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанда, оның сенімділігін күн сайын қанша маман қамтамасыз ететінін ешкім ойлай бермейді. Жабдықтың үздіксіз жұмысының артында түрлі мамандық иелерінің қажырлы еңбегі жатыр. Олардың қатарында аккумуляторшылар да бар. Бұл мамандардың жұмысы көзге көрінбегенімен, станцияның басқару, автоматика және релелік қорғаныс жүйелерінің резервтік қуаты аккумуляторлық батареялардың дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Демек, бұл – бүкіл энергетикалық кешен жұмысының сенімділігі деген сөз.

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да аккумулятор батареяларының техникалық жай-күйіне Электр цехының 5-разрядты аккумуляторшысы Жәнібек Иманбетов жауапты. Оның жұмыс күні жабдықты мұқият тексеруден басталады. Ол кернеуді, электролиттің тығыздығы мен деңгейін, аккумуляторлардың температурасын, зарядтау құрылғылары мен желдеткіштің жай-күйін тексереді. Сырт көзге бұл жай ғана өлшеу жұмыстары болып көрінуі мүмкін, бірақ маман үшін әрбір көрсеткіштің маңызы зор. Тіпті болмашы ауытқудың өзі назар аударуды қажет етеді, себебі уақытылы анықталған ақаулық анағұрлым ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Аккумулятор батареялары көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Станция тұрақты жұмыс істеп тұрғанда, олардың атқаратын қызметі байқалмайды. Алайда қажет болған жағдайда аса маңызды жүйелерге сенімді тірек болатын да – дәл осылар. Сондықтан аккумуляторшының басты міндеті – жабдықтың кез келген жағдайда өз қызметін мінсіз атқаруы үшін оны үнемі әзірлікте ұстау.

Аккумуляторшы жұмысы жоғары жауапкершілікті, зейінділік пен тәртіпті талап етеді. Бұл істе асығыстық пен кездейсоқ қателікке жол жоқ. Әрбір операция бірізді әрі нақты орындалуы тиіс, себебі станцияның сенімді жұмысы аккумуляторлық батареялардың күйіне тікелей байланысты.

– Ең жауаптысы – станцияның маңызды жүйелерінің сенімді жұмысы аккумуляторлық батареялардың жағдайына байланысты екенін түсіну. Сондықтан мұнда немқұрайды қарауға немесе асығыстық танытуға болмайды, – деп атап өтті А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО электр цехының 5-разрядты аккумуляторшысы Жәнібек Иманбетов.

Бұл мамандықтың ерекшелігі сол – жұмыстың үздік нәтижесі көзге көріне бермейді. Егер жабдық еш кінәратсыз істеп тұрса, демек, күнделікті тексеру, өлшеу және алдын алу жұмыстары сапалы әрі уақтылы орындалған.

– Станцияда бәрі қалыпты және еш ақаусыз жұмыс істеп тұрса, онда жабдық толық дайын, ал біз өз жұмысымызды дұрыс атқардық деген сөз, – дейді Жәнібек Иманбетов.

Энергетикада маңызы төмен мамандық болмайды. Ірі станцияның сенімділігі жүздеген маманның еңбегінен құралады, олардың әрқайсысы өз жұмыс теліміне жауапты. Аккумуляторшы – ірі өндірістік процестердің тасасында қала отырып, жүйелердің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың бірі.

Жәнібек Иманбетов сынды мамандардың кәсібилігі, жауапкершілігі мен ұқыптылығының арқасында 2-ЖЭО-ның резервтік электрмен жабдықтау жүйелері әрдайым толық дайындықта болады. Бұл «АлЭС» АҚ-ның өз басты міндетін – Алматы тұрғындарын электр және жылу энергиясымен сенімді қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыратынын білдіреді.