Уақыт сынынан өткен кәсіп
Артқа
05.08.2026

Уақыт сынынан өткен кәсіп

Тамыз айында 2-ЖЭО-ның «Энергоремонт» ӨЖК энергия жабдықтарын жөндеу цехының 6-разрядты қолмен доғалық дәнекерлеушісі Вадим Коваленко өзінің мерейтойын атап өтеді. Ол «АлЭС» АҚ ұжымына жақында, яғни 2025 жылдың тамызында қосылғанымен, энергетика саласындағы еңбек өтілі отыз жылға жуықтайды.

Вадим компанияға ең қарбалас кезеңде – жөндеу науқаны кезінде келді. Ол алғашқы күндерден бастап станцияның негізгі жабдығын жөндеуге атсалысты. Вадим №12 қазандық агрегатының екінші сатыдағы су экономайзерлерін,№11 қазандық агрегатының оттық экранын және №11 қазандықтың ауа жылытқыш текшелерін ауыстыруға қатысты.

Оның энергетика саласына келуі 1994 жылы Алматыдағы №13 кәсіптік-техникалық училищені бітіргеннен кейін басталды. Содан кейін әскер қатарында борышын өтеп, өмірін дәнекерлеу ісімен біржола байланыстырды. Жылдар бойы мол тәжірибе жинақтап, бүгінде оны әріптестерімен ықыласпен бөлісіп келеді.

– Энергетика саласына жас маман болып келгенде, бұл менің өмір бойы жұмыс істегім келетін сала екенін түсіндім. Маған жөндеу үдерісінің өзі, әсіресе қазандықтарды жаңа маусымға дайындау барысы қатты ұнайды. Мұндай әрбір жөндеу – әркімнің қосқан үлесі маңызды саналатын үлкен ұжымның ортақ еңбегі. Әсіресе түрлі болат маркасынан жасалған аса жауапты құбырларды дәнекерлеу өте қызықты. Жөндеу аяқталған соң жабдықтың сенімді жұмыс істеп, халықты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететінін түсінгенде, нағыз мақтаныш сезіміне бөленесің. Міне, осы сезім маған 28 жылдан бері шабыт беріп келеді, – дейді Вадим Коваленко.

Әріптестері Вадимді сабырлы мінезі, өз ісінің шеберлігі және көмек қолын созуға әрдайым дайын тұратыны үшін жоғары бағалайды. Оның терең білімі, жұмысқа деген адалдығы және мол тәжірибесі ең күрделі өндірістік міндеттердің өзін сәтті шешуге септігін тигізеді.

Вадимді мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Зор денсаулық, амандық-саулық, отбасы бақытын, сарқылмас қуат және жаңа кәсіби жетістіктер тілейміз. Әр күніңіз қуанышқа толы болсын, жаныңыздан сенімді достар мен әріптестер табылсын, ал сүйікті ісіңіз жаңа табыстарға жетелей берсін!