Мінез шешуші рөл атқарғанда: Фархат Елеусізов – жеңіл атлетика жеңімпазы
Кейбіреулер үшін жүгіру жарысы старттық мылтық атудан басталып, мәреге жеткенде аяқталады. Ал Фархат Елеусізов үшін ол әлдеқашан күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі – әдетке, мінезге және өз мүмкіндіктерін үнемі сынау тәсіліне айналған.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасындағы Спартакиадада АлЭС өкілі мұны нәтижесімен дәлелдеді: Фархат жеңіл атлетикадан жеңімпаз атанды.
Ол АлЭС-тегі Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өндірістік департаменті турбина цехының 7-разрядты турбина бөлімшесінде аға машинист болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі – 14 жылға жуық.
«Жүгіру – менің өмірімнің ажырамас бөлігі», – дейді Фархат.
Бұл қысқа ғана сөздің астарында ауысымды жұмыс кестесіне сыйдыруға тура келетін жаттығулар жатыр. Қарапайым күндері ол жұмыстан бос уақытында дайындалады. Спартакиада алдында бір айлық еңбек демалысы тыңғылықты дайындалуға көмектескен: Фархат жыл бойы жиналған үстеме жұмыс сағаттарын да пайдаланып, босаған уақытын жаттығуға арнапты.
Стартқа шыққанда мұның бәрі артта қалады. Ол жерде жұмыс кестесі де, жаттығу жоспары да жоқ, тек бәсекелестерден озып өту керек қашықтық қана бар.
Фархат үшін ең қиыны соңғы кезең болды.
– Соңғы 200 метр өте қиынға соқты. Қарқынды сақтап тұру оңай емес. Мен оны аса бақылаған жоқпын, тек тоқтамай жүгіре бердім.
Фархаттың пікірінше, дене шаршап, бірақ мәреге жету керек болған дәл осы сәтте спортшының нағыз сынағы басталады.
– Адамның мінезі шаршаған кезде білінеді. Бұл оның нәтижесіне тікелей, шамамен 50 пайызға әсер етеді деп ойлаймын.
Жеңіл атлетиканың энергетик өміріне соншалықты табиғи түрде сіңісіп кетуінің себебі де осы шығар. Фархат жұмыста және спортта қажетті қасиеттерді бір-бірінен бөліп-жармайды.
– Екеуінде де табандылық, ұстамдылық және төзімділік қажет, – дейді ол.
Оның жұмыс күндері де осындай ырғақта өтеді: үнемі жинақы болып, ауыртпалыққа төтеп беріп, бастаған істі соңына дейін жеткізу қажеттілігі өзгермейді.
Спартакиададағы жеңіс Фархат үшін аса маңызды, себебі ол жүгіру жолына тек жеке нәтижесі үшін ғана шықпайды.
– «Самұрық» командасының сапында өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе, – деп атап өтті ол.
Бірінші орын – салмақты нәтиже. Бірақ Фархаттың көңіл күйіне қарағанда, ол мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі мақсаты да айқындалып қойған:
– Келесі жылы бәрі сәтімен болса, бірінші разрядты жеңіл атлет деңгейіне жеткім келеді.
Бүгін Фархат Спартакиадада бірінші орын алды. Ал ертең қайтадан жұмыс ауысымдары, жаттығулар және спортшының өзінен басқа ешкім көрмейтін шақырымдар күтіп тұр.
Содан кейін – жаңа сөре.
Өйткені оның ұстанатын қағидасы өте қарапайым: өз қашықтығыңа шықсаң – соңына дейін жүгір.