Алаңда да, өндірісте де – бір команда
Артқа
09.08.2026

Алаңда да, өндірісте де – бір команда

Әли Бауыржанұлы үшін волейбол – жай ғана спорттық бабын сақтау мүмкіндігі емес. Бұл – өмірдің ажырамас бөлігі, жұмыс ауысымынан кейін сергіп, бойдағы шиеленісті басып, қуат жинаудың және тек ойын үстінде ғана пайда болатын ерекше құлшынысты қайта сезінудің бір жолы.

Әли – «АлЭС» АҚ Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өндірістік департаментінің жылу автоматикасы және өлшеу цехының бас маманы. Ол «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қызметкерлері арасындағы спартакиадада ерлер арасындағы волейболдан компания намысын қорғайды.

– Мен үшін волейбол – жай ғана әуесқойлық емес. Алаңда әрдайым барыңды саласың, бұл драйв күнделікті өмірде де, жұмыста да көп көмектеседі, – дейді Әли.

Алайда оның пікірінше, жеке шеберлік команданы мықты қыла алмайды. Техниканы жақсы меңгеріп, мықты соққы жасай білуге болады, бірақ серіктестер арасында өзара түсіністік болмаса, нәтижеге жету қиын. Волейбол сенімге негізделген: әр ойыншы бір-бірін сезініп, ойын сәтінің қалай өрбитінін түсініп, қажет кезде қолдау көрсетуге дайын болуы керек.

Сондықтан Әли матч кезінде ешбір сәтті назардан тыс қалдырмауға тырысады. Ол тактиканы бақылап, қарсыластың әрекетін талдайды, командамен бірге әр ұпай үшін күреседі. Үнемі ойынға беріліп, серіктестеріңе қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беріп, зейінді және жалпы командалық рухты сақтау маңызды.

– Командада өзара түсіністік болғанда, нәтиже де өздігінен келеді. Қасыңдағы серіктесіңнің саған демеу болатынын, ал қажет кезде сенің де оған дәл солай көмектесетініңді ұғынасың, – деп атап өтті спортшы.

Бұл спорттық философияны Әли өз кәсібімен тікелей байланыстырады. 1-ЖЭО-ның жылу автоматикасы және өлшеу цехында командалық жұмыстың құны мүлдем басқа: жабдықтың сенімділігі мен қауіпсіздік мамандардың үйлесімді іс-қимылына тікелей тәуелді.

Өндірісте де, волейбол алаңында да әркімнің өз жауапкершілік аймағы бар. Бірақ жеке-дара жұмыс істеу мүмкін емес: әріптестеріңнің іс-әрекетін түсініп, оларға сенім арту және қажет болса, тапсырманы іліп әкету керек. Әлидің пікірінше, спорт пен энергетиканың басын біріктіретін де – осы бірлесіп әрекет ету қабілеті.

Оған әсіресе биылғы Спартакиаданың атмосферасы ерекше әсер етті.

– Әріптестерді жұмыс мониторының немесе басқару қалқанының алдында емес, ортақ іске шын беріліп жатқан спорт алаңында көрудің өзі керемет. Эмоция, жанкүйерлердің қолдауы мен спорттық құлшыныс ерекше бірлік атмосферасын тудырады, – деп бөлісті Әли.

Спортшылар әріптестерінің қолдауын шынымен де ерекше сезінеді. Команданың өнерін үлкен ұжым бақылап отырғанын түсінген кезде, қосымша жауапкершілік пайда болып, сонымен бірге бойға жаңа күш бітеді.

– Бірақ мұндай жарыстардың маңызы медальмен ғана шектелмейді, – дейді Әли. Спорт алаңында адамдар бір-бірімен мүлдем басқа қырынан танысады. Лауазым мен жұмыс шеңбері ұмытылып, тек мінез, өзара көмек, эмоция және нәтижеге деген ортақ ұмтылыс қалады.

– Корпоративтік спорт адамдардың басын біріктіреді. Біз жақындаса түсеміз, бір-бірімізді жақсырақ түсінуге үйренеміз, ал бұл күрделі өндірістік міндеттерді шешуге тікелей көмектеседі, – деп сенім білдірді ол.

Спартакиада қазір қызып жатыр. Алда әлі талай тартысты матч, шешуші сәттер мен әсерлі эмоциялар күтіп тұр. Ал Әли үшін ең басты қағида айқын: волейболда да, энергетикада да нәтижеге жету үшін әркім өз ісіне жауап беріп, бүкіл команда біртұтас қимылдауы керек.