Адал еңбек пен алға ұмтылыс: Еркебұлан Жасқайратовтың хикаясы
Әр адамның өмірде өз бағдаршамы болады. Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның ӨТБ бастығының орынбасары Еркебұлан Жасқайратов үшін бала кезінен энергетика саласымен өмірін байланыстырған әкесі сондай бағдаршам болды. Ол өз үлгісімен адал еңбек, жауапкершілік пен таңдаған ісің тек мамандықты ғана емес, мінезді де қалыптастыратынын көрсетіп берді.

Еркебұланның техникаға қызығушылығы бала кезінен-ақ оянған. Ол үшін барлық нәрсенің қалай құрастырылғанын, қалай жұмыс істейтінін білу маңызды еді. Көптеген ұлдар секілді ол да аспанды бағындырып, ұшқыш болуды армандады, алайда өмір оны энергетика саласына алып келді. Уақыт өте келе бұл жай ғана таңдау емес, нағыз болмысына сай кәсіп екенін ұғынды.
9-сыныптан кейін ол Алматы мемлекеттік энергетика және электрондық технологиялар колледжіне «электр энергетикасы» мамандығы бойынша оқуға түсті. 1-ЖЭО-дағы өндірістік тәжірибе теорияның нақты іске, ал қызығушылықтың кәсіпке ұласқан сәті болды. Сол кездің өзінде-ақ энергетиканың – қала тіршілігінің тірегі екені, онсыз кәсіпорындардың дамуы да, адамдардың күнделікті өмірі де мүмкін еместігі айқын болды.

Алғашқы жұмыс күні – станцияның жөндеуден кейін іске қосылуы – ұзақ уақыт есінде сақталды. Бұл – әрбір іс-әрекеттің жауапкершілігі мен маңыздылығы айрықша сезілетін сәт. Жабдықты қауіпсіз әрі уақытылы іске қосу үшін ұжымның қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтінін, тапсырмалардың қалай мұқият әрі ұйымшылдықпен орындалатынын көресің. Дәл осы кезде мұнда маңызы төмен іс болмайтынын түсінесің.
Еркебұлан өз кәсіби жолын сатылап қалыптастырды. Ол еңбек жолын 2010 жылы кезекші персонал құрамында электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарына қызмет көрсететін электр слесарі болып бастады. Уақыт өте келе разрядын көтеріп, күрделірек тапсырмаларды мойнына алды. Алдымен шебер, кейін аға шебер, цех бастығының орынбасары, ал 2024 жылдан бастап ӨТБ бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар ол оқуын да жалғастырып, жоғары білім алды, білімін тәжірибемен ұштап, міндетті жұмыс кезеңінен өтті. Бұл кезең оған тәжірибе беріп қана қоймай, өз мамандығына деген сенімділігін арттырды. Бүгінде ол осы жолды өзінің басты кәсіби жетістігім деп сеніммен айтады.
Энергетика саласы толық беріліп жұмыс істеуді талап етеді. Бұл салада бәрі бар: жоғары температура, кернеу, діріл, химиялық заттар, тәулік бойғы жұмыс режимі. Сондықтан ол үшін ең бастысы – қауіпсіздік және еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы ережелерін қатаң сақтау. Зейінділік, тәртіп және жауапкершілік – жай ғана талап емес, күнделікті жұмыстың негізі.

Еркебұланның жұмыс күні станцияның жай-күйін талдаудан басталады: режимдер, көрсеткіштер, өткен тәуліктің нәтижелері сараланады. Одан әрі – ағымдағы міндеттерді шешу, құжаттамамен жұмыс, есептеулер, есеп беру, әріптестермен өзара әрекеттесу, тапсырмаларды орындау. Алайда энергетика саласы әрдайым жоспарға бағына бермейді: кейде шұғыл шешімді қажет ететін кезек күттірмейтін міндеттер туындап жатады. Мұндай кезде басымдықтарды жылдам анықтап, сабыр сақтай білу маңызды.

Дәл осындай жағдайлар жұмысты қызықты ете түседі. Жаңа міндеттер, бейстандарт жағдайлар, «жұмыс барысында» білім алу қажеттілігі – осының бәрі бір орында тұруға мұрша бермейді. Еркебұланның мойындауынша, оған бәрінен де ұнайтыны – осы, яғни үздіксіз дамып, кәсіпорынмен бірге өсу мүмкіндігі.
Ұжымның орны бір бөлек. Ол әріптестері туралы зор құрметпен және ерекше жылылықпен айтады: тату, кәсіби, сенімді. Мұнда әрқашан көмек қолын созып, жөн сілтеп, түсіндіріп береді. Дәл осындай қолдаудың арқасында ол станцияға тез бейімделіп кетті. Тәжірибелі әріптестері мен ардагерлер оның тәлімгеріне айналып, білгенін тек сөзбен ғана емес, іспен де үйретті.

Бүгінде ол өзі де осы сабақтастықтың бір бөлшегіне айналды: тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға көмектесіп, олардың қалыптасуына атсалысып жүр. Ол өз жұмысының ерекше құндылығын бір команданың және кәсіпорынның ортақ тарихының бір бөлшегі болудан көреді.
Оның пікірінше, АлЭС-тің күші – оның адамдарында, яғни олардың кәсібилігінде, оқыту жүйесінде және үздіксіз дамуында. Мұнда қызметкерлерді курстарға жіберіп, біліктілігін арттырады, өсуіне мүмкіндік жасайды. Бұл қаланың бүкіл энергетикалық жүйесінің сенімділігіне тікелей әсер етеді.
Ол энергетик мамандығының қиындығына қарамастан, беделді болып қала беретініне сенімді. Бұл – төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін, бірақ ең бастысы – өз ісіңнің маңыздылығын сезіндіретін еңбек. Өйткені, қаланың тұрақты жұмысы мен тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ететін де – осы энергетиктер.
Еркебұлан жұмыстан тыс уақытта да қарапайым әрі шынайы құндылықтарды бәрінен биік қоятын жан. Бос уақытын отбасымен өткізеді, балаларымен серуендейді, тынығуға сәт табуға тырысады. Кейде қарбалас жұмыс күнінен кейін ойын сергітіп, серпілу үшін видео ойындар да ойнайды.
Ол үшін өмірдегі ең бастысы – отбасы, жақындарының амандығы және адал еңбек. Уақыттың тығыздығы мен жұмыс жүктемесінің көптігіне қарамастан, алға жетелейтін туған-туыстың қолдауы екенін айтады.

Оның бойындағы қасиеттер – табандылық, жауапкершілік, ұжыммен жұмыс істей білу және адамдармен ортақ тіл табыса алу. Ол ең алдымен, өз ісіне деген көзқарасымен – байсалды, артық сөзсіз, бірақ бар ынта-жігерімен үлгі болуға тырысады.
Ұстанатын қағидаларына келсек, ең бастысын ол еңбек жолының басында-ақ түйген: адал жұмыс істеу, оңай жол іздемеу және бәріне өз еңбегімен жету. Дәл осы қағида дұрыс шешім қабылдап, алға сеніммен қадам басуға көмектеседі.

Ол өзін үлгі тұтарлық адаммын демейді, бірақ әріптестері, балалары, кәсіптегі жолын енді бастаған жандар үшін сондай болуға ұмтылады. Бәлкім, нағыз күштің өзі осы қарапайымдылықта, сенімділікте және таңдаған ісіңе деген адалдықта жатқан да шығар.
Бүгінде Еркебұлан өткеніне көз жүгіртіп, егер бәрін басынан бастау керек болса, энергетика саласын қайта таңдайтынын анық біледі. Өйткені бұл – жай ғана жұмыс емес. Бұл – өмірдің, мінездің бір бөлшегі және адамдарға күн сайын жарық пен жылу сыйлайтын үлкен жүйенің ажырамас бөлігі.