Қапшағай ГЭС-інің горельефтері не туралы үн қатпайды
Олар күн сайын таңертең ауысымға келушілерді бірінші болып қарсы алады. Тіл қатпаса да, жарты ғасырдан астам уақыт бойы әрбір энергияның артында әрдайым адамның тұрғанын еске салып отырғандай.
Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қасбетіндегі екі монументалды горельеф станцияның танымал символдарының біріне айналды. Біреулер үшін олар – ғимараттың қалыпты бір бөлшегі, ал енді біреулер үшін – нағыз өнер туындысы. Бірақ барша энергетик үшін олар кәсіпорын жадының өзіндік сақшысына айналды.

Олар станциямен бір мезгілде пайда болып, 50 жылдан астам уақыт бойы оның үнсіз куәгерлері болып келеді. Осы уақыт ішінде горельефтер өмірін энергетика саласына арнаған мыңдаған адамды көрді. Станция табалдырығын алғаш аттаған жас мамандарды, шәкірттеріне білімін аманаттаған тәжірибелі шеберлерді, маңызды шешімдер қабылдаған басшыларды, жылдар өте қайта оралған ардагерлерді де көрді.
Олар бәрін есте сақтайтын сияқты. Гидроагрегаттардың іске қосылуын. Құрылыс техникасының гүрілін. Алғашқы киловатт-сағат сыйлаған қуанышты. Салтанатты шараларды, станцияның мерейтойларын, ұрпақтар кездесуін. Күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп, Қапшағай ГЭС-інің тарихының қалай жалғасып жатқанын бақылап отыр.
Бұл композициялардың әрбір бөлшегі терең мағынаға ие. Энергетиктердің бейнесі – өз білімі, жауапкершілігі мен шеберлігі арқылы судың қуатын миллиондаған адамға жарық пен жылуға айналдыратын еңбек адамын, яғни нағыз кәсіби маманды сипаттайды. Іргетасындағы толқындар ондаған жылдар бойы гидроэлектр станциясын жұмыс істетіп тұрған энергия көзі – Іле өзенін еске салады. Ал жоғарыға бағытталған қатаң геометриялық сызықтар дамуды, алға ұмтылысты және инженерлік ойдың құдіретін бейнелейді.

Бұл горельефтер тек сәулеттік әшекей ретінде жасалмаған. Олар көбіне кадр сыртында қалатын, бірақ күн сайын күрделі жабдықтың сенімді жұмысы мен үздіксіз энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін энергетик мамандығына қойылған өзіндік ескерткішке айналды.
Өткен онжылдықтарда станция өзгерді. Заманауи технологиялар пайда болды, құрал-жабдықтар жаңарды, мамандардың жаңа буыны өсті. Бірақ аппақ тасқа қашап жазылғандай құндылықтар өзгеріссіз қалды: еңбекке деген құрмет, жауапкершілік, ұрпақтар сабақтастығы және өз ісіне адалдық.
Бәлкім, сол себепті болар, Қапшағай ГЭС-інде жұмыс істеген әрбір адам жылдар өткен соң осы жерге оралғанда, еріксіз осы композицияларға көзін көтереді. Олар кәсіпорын тарихы тек мұрағат құжаттары мен фотосуреттерде ғана емес, ол адамдарда, олардың еңбегінде, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрлерде сақталатынын еске салады.
Станция үстінде жел гулеп, Іленің суы гидроагрегаттарды айналдырып тұрғанда, екі аппақ горельеф осында жұмыс істеуге келген әрбір жанды бұрынғысынша қарсы ала бермек. Өйткені Қапшағай ГЭС-інің тарихы жалғасуда, ал оның басты кейіпкерлері 56 жыл бұрынғыдай адамдар болып қала береді.