Олег НЕВЕРОВ: Менің энергетик болатыным бала кезімнен белгілі еді
Артқа
06.08.2026

Олег НЕВЕРОВ: Менің энергетик болатыным бала кезімнен белгілі еді

Неверовтар әулетінің үшінші буын өкілі – 3-ЖЭО электр цехының 1-санатты инженері, Александр Петровичтің ұлы әрі Петр Яковлевичтің немересі Олег Неверов.

«Мен энергетиктер отбасында дүниеге келдім. Сондықтан мамандық таңдап әуреленген жоқпын, себебі қайда жұмыс істейтінімді бала кезімнен білетінмін. Кім боламын деп те ойланбадым, еш күмәнсіз – энергетик болатыным анық еді. Оның үстіне, станциямен де бала күнімнен таныспын», – дейді «АлЭС» АҚ-ның жас маманы.

Тоғызыншы сыныпты бітірген соң Олег Неверов Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжіне оқуға түседі. Онда «техник-электрик» мамандығын алып шығады. Колледждің үшінші курсындағы алғашқы өндірістік тәжірибесін 3-ЖЭО-да өткізіп, нағыз әулеттік тосынсыйға тап болады.

«Станциядағы өндірістік тәжірибемнің алғашқы күні электр цехының бастығы В.М. Пустоваловтан (ол кісі бұрын әкемнің қол астында жұмыс істеген) бастапқы нұсқаулық алдым. Содан кейін маған болашақ әріптестерім келіп алып кеткенше күте тұруымды өтінді. Алдағы уақытта мен дәл сол кісілермен жұмыс істеуім керек еді, – деп еске алады Олег Неверов. – Бір таңғалғаным, мені алып кетуге… әкемнің кеңесімен энергетик мамандығын таңдап, 3-ЖЭО-ның ЭТЛ инженері болып істейтін ағам Сергей Хорьков пен онымен осыдан бір апта бұрын ғана курстық жұмысымды талқылаған біздің колледждің түлегі келді.

Сонымен, әулет салты бойынша, менің алғашқы ұстазым ағам – Сергей Хорьков болды. Шеберханаға келгенімізде, қызметкерлердің көпшілігімен бұрыннан таныс екенімді білдім. Біреуін жеке танысам, енді бірі туралы ата-анам мен туыстарымнан естігенмін, кейбірімен кентте кездесіп жүрдім. Олардың барлығы дерлік менің кім екенімді, қай отбасынан шыққанымды білетін. Сондай-ақ станцияның маған жат емес екенін және мұнда ұзаққа келгенімді де түсінді».

Колледжді тәмамдағаннан кейін Олег 3-ЖЭО-ның ЭТЗ-да жоғары вольтты сынақтар жүргізу құқығымен РҚжА-ға жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр монтері болып жұмыс істеді. Бірақ оған дейін, 3-ЖЭО-да өндірістік және диплом алдындағы тәжірибеден өткен соң, Олег бірнеше ай басқа кәсіпорында еңбек еткен еді. Ол жерде екі компанияның жұмыс күнін ұйымдастыруын салыстыруға мүмкіндігі болды. Ұйымдастырушылық, кәсіби және әлеуметтік жағынан айқын басымдық 3-ЖЭО-да екеніне көз жеткізді.

«Сол себепті алғашқы мүмкіндік туа сала 3-ЖЭО-ның ЭТЗ-ына қайта оралдым, – деп түсіндірді Олег «АлЭС» АҚ пайдасына жасаған таңдауын. – Мұнда жұмысқа 15-20 минут ерте келіп, өзіңе бекітілген аумақты аралап шығу керек. Сонымен қатар кезекші қызметкерлерден жабдықтың жұмыс режиміндегі барлық өзгеріс туралы біліп, таңғы жоспарлау жиынында тапсырма алып, оны жұмыс күні бойы орындайсың және т.б.».

Осының бәрі өзіңді станцияның үлкен тетігіндегі қажетті, шағын ғана «бұранда» ретінде сезінуге негіз болады. Осыдан кейін кешке үйге атқарылған парыз сезімімен қайтасың. Сондай-ақ жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете алатыныма деген сенімділік мен үшін өте маңызды.

«Колледжді бітірген соң жұмысқа келгенімде, электр цехының ұжымы мені жауапты іс тапсыруға болатын өз адамындай жылы қарсы алды. Ұжымымыздың өте ұйымшыл екені, әріптестерімнің қиын жағдайда кез келген уақытта көмектесуге дайын тұратыны мен үшін аса маңызды. Кейде сызбалармен жұмыс істегенде әріптестерім жабдықты қайта құру жобасының авторы ретінде көрсетілген тегімді көріп, таңғалып қалады. Оларға «АлЭС» АҚ бас инженері болып қызмет еткен әкемнің әзірлеген жобалары бойынша жұмыс істейтінімізді түсіндіруге тура келеді».

Колледжден кейін жұмысқа кірген Олег отбасы дәстүрін жалғап, оқуын әрі қарай жалғастырды. Ол Санкт-Петербург университетіне оқуға түсіп, қолданбалы информатика бойынша бакалавр біліктілігін алды да, 2020 жылы 3-ЖЭО ЭТЗ электр цехының инженері лауазымына ауыстырылды.

2022 жылы Олег Неверовқа электр цехы инженерінің 2-санаты берілді. Алайда ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жас маман пролетариат көсемі В.И. Лениннің: «Оқу, оқу және тағы да оқу» деген қанатты сөзін ұран ретінде де, әріптестеріне кеңес ретінде де үнемі қайталап отырады. Ол осы қағиданы берік ұстанады: 2023 жылы Олег Неверов Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін «Электротехникалық инжиниринг» мамандығы бойынша тәмамдады. Ал 2024 жылы біліктілік емтихандарын сәтті тапсырғаннан кейін, оған электр цехы инженерінің 1-санаты беріліп, осы лауазымда күні бүгінге дейін еңбек етіп келеді.

Қазір Олег алдына жаңа білім беру міндеттерін қойып отыр, яғни озық жабдықтарды тереңірек зерттеуді жалғастыруды көздейді. Ол жетілдіруді жоспарлаған екінші дағдысы – ұжыммен жұмыс істей білу және станцияның ортақ ісіне өзінің қосатын үлесінің маңызын түсіну. Ол үшін жұмыста бұрынғыша тәртіп, нақтылық және ертеңгі күнге деген сенімділік бәрінен маңызды. Ал Олегтің өз жұмысында ең қызықты санайтыны – біліктілікті арттыру курстарында оқу аясында іргелес станцияларға барып, олардың жұмыс ерекшелігін көруге, жабдықтарға қызмет көрсетудің жаңа әрі қызықты тәсілдерін үйренуге мүмкіндік туғаны.

Оның техникаға деген әуестігі мен сүйіспеншілігі бала кезден қалыптасқан. Сондықтан да ол өміріндегі ең маңызды сыйлық деп өзіне жаңа әлем ашқан әрі болашақ мамандығын таңдауға септігін тигізген компьютерді атайды. Сыйлыққа «бонус» ретінде отбасындағы аға буын және тәжірибелі инженерлердің: «Мәселені шешуде оны анықтап, жою ғана емес, оның туындау себебін де табу маңызды» деген кеңесі қоса берілді. Осылайша, таза инженерлік тәсіл оның өндірістік міндеттерді шешудегі жеке алгоритміне айналды.

Олег жеке өмірі туралы сұрақтарға әкесі Александр Неверов сияқты: «Ең бастысы – отбасы, үй, жақындар мен туыстардың амандығы» деп жауап береді. Олег үшін өмірдегі басты үлгі, пір тұтатын жандары да – ата-анасы.

Ал жеке өмірі, әуестіктері сияқты басқа мәселелерге келсек, жас жігіт бос уақытым әлі болған жоқ деп мойындайды: «Менде әлі бос уақыт болмады, тек жұмыс істеп, оқыдым. Ал қазір релелік қорғаныс жүйесінде қандай да бір ақау шыға қалса, кез келген сәтте жұмысқа келуге дайын отырамын».

Десе де оның бойындағы құлшынысты, өмірге деген құштарлықты, жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылысты айқындайтын бір ғана әуестігі бар – ол тауға деген махаббаты мен сноубордтың шапшаңдығы…