Үйде әңгіме болатын ГЭС
Тамыз айының соңында Ш.Чокин атындағы Қапшағай су электр станциясында қызметкерлердің балаларына арналған Ашық есік күні өтті. Станцияға 22 бала қонаққа келсе, оларға жеті ересек адам еріп жүрді. Бұл балалар үшін үйде ата-анасының әңгімесінен ғана еститін кәсіпорынды өз көзімен көрудің сирек мүмкіндігі болды.
Экскурсия станциямен және оның тарихымен танысудан басталды. Балаларға су энергиясының қалай қолданылатыны, электр қуатының қалай өндірілетіні және су электр станциясының жұмысына түрлі мамандықтың қаншама иесі тартылғаны түсіндірілді.

Ересектер үшін әлдеқашан таныс әрі үйреншікті дүниелер жас қонақтардың шынайы қызығушылығын оятты. Әсіресе, жабдықтардың ауқымы мен электр қуатын үздіксіз өндірудің артында қаншалықты күрделі жұмыс тұрғанын түсіну оларға қатты әсер етті.
Он алты жастағы Максим Чернояров экскурсияға анасы – кран машинисі Наталья Чернояровамен бірге келді.
– Анамның қайда жұмыс істейтінін және немен айналысатынын білгім келді. Әсіресе, жабдықтар мен станцияның өзі қатты әсер етті. Енді анамның жұмысы қаншалықты жауапты екенін жақсы түсіндім, – деді Максим.
Наталья Черноярова үшін мұндай кездесулер, ең алдымен, балалардың ата-ана мамандығын басқаша қабылдай бастауымен құнды.
– Бала жұмыс орнын, жабдықтарды көріп, біздің жұмысымыз қанша білім мен жауапкершілікті талап ететінін білген кезде, көп нәрсені түсіне бастайды. «Энергетика» ол үшін жай ғана сөз болмай қалады. Ол адамдарды, мамандықтарды, өндірістік процестің өзін көреді, – деп атап өтті ол.
Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика инженері Айнұр Көшкінбаеваның он жастағы ұлы Қайрат Нұрислам су электр станциясының қалай жұмыс істейтініне көбірек қызығушылық танытты.

– Станция маған қатты ұнады. Судың қалай электр қуатына айналатынын және оның тұтынушыларға үздіксіз жетуі үшін қаншама адам еңбек ететінін білу өте қызықты болды, – деп бөлісті Қайрат.
Оның анасы бұл күннің өзі үшін де ерекше маңызы болғанын мойындады.
– Ұлыма кәсіпорынды көрсетіп, жұмысым туралы айтып бергеніме қуаныштымын. Мүмкін, осындай таныстық оған келешекте мамандық таңдауға көмектесер. Ең бастысы, балалар осындағы әр маманның еңбегі ортақ нәтиже үшін маңызды екенін түсінсе болғаны, – деді Айнұр Көшкінбаева.
Экскурсиядан кейін инженер-бағдарламашы Қайсар Қалжановтың отбасы да өз әсерімен бөлісті. Оның жұбайы Айман мен балалары үшін ГЭС-ке бару нағыз отбасылық оқиғаға айналды.
– Балалар бәрін үлкен қызығушылықпен тамашалап, көптеген жаңа әсер алды. Біздің отбасымыз үшін әкеміз жұмыс істейтін кәсіпорында болып, станцияның тарихымен танысып, оның жұмысын ішінен көру ерекше қызықты болды, – деді Айман Қабылова.
Олар сондай-ақ станция директоры Әлібек Тастанбековке, бас инженер Максим Мамыринге, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор Ерзат Құмарбековке, ӨТБ бастығы Павел Кимге және экскурсияны ұйымдастыруға атсалысқан барша жанға алғыс білдірді.
Мұндай кездесулер балаларға энергетика саласындағы сан алуан мамандық туралы алғашқы түсінік беруімен де қызықты. Станция жұмысының артында тек инженерлер мен энергетиктер ғана емес, сонымен қатар автоматика, бағдарламалау, жөндеу, жабдықты пайдалану, еңбекті қорғау және басқа да көптеген бағыт бойынша мамандар тұр.

Бәлкім, балалардың бірі қазірдің өзінде болашақ мамандығы туралы ойлана бастаған шығар. Ал енді бірі өзіне таныс адамды – анасын немесе әкесін – мүлдем басқа қырынан, яғни үйдегідей емес, күрделі жабдықтардың, әріптестер мен маңызды өндірістік міндеттердің ортасында тұрғанда алғаш рет көрді.
Бұл, сірә, сол күннің ең басты әсері болса керек. Балалар станциядан жаңа білім мен ерекше сезімге бөленіп қайтса, ата-аналар өздері шын мәнінде қадірлейтін кәсіби өмірінің бір бөлшегін көрсетуге мүмкіндік алды.