Өмір сыйла: донорлық – АлЭС-тің игі дәстүрі
«Алматы электр станциялары» АҚ Бас кеңсесінде көшпелі Донор күні өтті. Компанияның 29 қызметкері Алматы қалалық қан орталығының қорын толықтырып, қан тапсырды. АлЭС ұжымы үшін донорлық акцияларға қатысу игі дәстүрге айналған: қызметкерлер жыл сайын көмек қолын созуға ұмтылады, олардың арасында тұрақты донорлар да бар.
«Өмір сыйла» акциясының өтуіне Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ШЖҚ «Қалалық қан орталығы» МКК-ның қан мен оның компоненттерінің қорын толықтыруға көмек сұраған өтініші негіз болды.
Таңертеңнен бастап Бас кеңседе көшпелі медициналық бригада жұмысын бастады. Донация алдында әрбір қатысушы міндетті тексеруден өтіп, дәрігерлерден кеңес алды. Медициналық іріктеу қорытындысы бойынша АлЭС-тің 29 қызметкері донор атанды.
Бұл іс-шараға қатысуға ниет білдіргендер әлдеқайда көп болды. Алайда донорлық медициналық нормаларды қатаң сақтауды талап ететіндіктен, қызметкерлердің бір бөлігіне бұл күні уақытша рұқсат берілмеді.
АлЭС қызметкерлері үшін донорлық – бір реттік акция емес. Қызметкерлер мұндай іс-шараларға жылдан-жылға атсалысып келеді, ал ұжымда тұрақты түрде қан тапсыратын жандар бар. Олар үшін бұл – жеке жауапкершілік әрі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің қалыптасқан мүмкіндігі.

Бухгалтерлік есеп және есептілік басқармасының халықаралық қаржылық есептілік стандарттары жөніндегі сарапшысы Гүлмира Құсайынова өз әсерімен бөлісті:
– Күнделікті сандар, есептеулер мен есеп беру ырғағында біз жұмыс міндеттеріне жиі ден қоямыз. Алайда, мұндай жағдайға тап болғанда, ең маңызды нәрселердің бар екенін түсінесің. «Өмір сыйла» акциясына қатысу – бұл біреудің сауығып кетуіне қосқан ортақ үлесіміз және адамға ертеңгі күнді сыйлауға берілген мүмкіндік.
Қауіпсіздік басқармасының бас маманы Абзал Төлтаев үшін акцияға қатысу – бұл ең алдымен адамдарға көрсетілген нақты көмек:
– Менің күнделікті міндетім кәсіпорын мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты. Бүгін бұл ұғым тағы бір жаңа мәнге ие болды. Қан тапсыру – қазір ем қабылдап жатқан немесе қиын жағдайға тап болған қаламыздың тұрғындарына шынайы көмектесу деген сөз. Мұнда әркімнің қосқан үлесі маңызды.
Донор күні түрлі бөлімшелердің қызметкерлерін біріктірді. Біреулер алғаш рет қатысса, енді бірі үшін кезекті донация көпжылдық дәстүрдің жалғасы болды. Алайда барлығын біріктірген басты нәрсе – адамға көмектесу үшін кейде бір ғана шешім мен санаулы минуттың жеткілікті екенін ұғыну еді.
Донорлық артық сөзді қажет етпейді. Бұл – нәтижесі ең құнды дүниемен, яғни сақталған адам өмірімен өлшенетін нақты іс-әрекет. АлЭС қызметкерлері жыл сайын осыны өз қатысуларымен дәлелдеп келеді.