Махаббатпен бейнеленген қауіпсіздік
«Эдельвейс» балалар лагерінде «АлЭС» АҚ қызметкерлерінің балалары болашақтың арнайы киіміне қатысты өз пайымдарын ортаға салды. Олар адамға деген қамқорлықтың бала кезден басталатынын дәлелдеп берді.

«Эдельвейс» балалар сауықтыру лагерінде «АлЭС» АҚ қызметкерлерінің балаларының басын қосқан «Болашақтың арнайы киімі!» атты шығармашылық сурет байқауы өтті. Балалар өз туындылары арқылы энергетиктердің қорғаныс киімі болашақта қандай болатынын пайымдауға тырысып, ересектерге кез келген өндірістегі басты құндылық – адам өмірі екенін тағы бір мәрте еске салды.
Байқау жай ғана қызықты шығармашылық шара емес, қауіпсіздік, қамқорлық және жауапкершілік туралы шынайы сұхбатқа айналды. Жас суретшілер ата-аналарының еңбегін бұдан да сенімді әрі жайлы ету үшін заманауи арнайы киім қандай болуы керек екенін үлкен қызығушылықпен қиялына ерік беріп бейнеледі.
Суреттерде ең батыл идеялар көрініс тапты: зияткерлік қорғаныс жүйесі бар комбинезондар, толықтырылған шындық дулығалары, денсаулық жағдайын бақылайтын кіріктірілген датчиктері бар отқа төзімді костюмдер, адам мүмкіндігін арттыратын қорғаныс қолғаптары және басқа да көптеген ерекше әзірлемелер. Әрбір жұмыс қанық бояуға, шынайы сезімге және технологияның әлемді қауіпсіз ете алатынына деген балаң сенімге толы болды.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтады.
Бірінші орынды 3-ЖЭО экономисі Гүлдария Рауанованың қызы Елена Плотникова иеленді. Оның суреті идеясының бірегейлігімен, бөлшектерге дейін мән берілгенімен және болашақтың арнайы киім бейнесін көркем жеткізе білгенімен қазылар алқасын баурап алды.

Екінші орын 1-ЖЭО логистика бөлімінің қызметкері Индира Мандибаеваның қызы Зере Берікбайға берілді. Жас суретші өз жұмысында заманауи технологиялардың адам еңбегін барынша қауіпсіз етуге қалай көмектесетінін көрсеткен.
Үшінші орынды Бас кеңсенің Корпоративтік даму және тәуекелдер басқармасының бастығы Дария Шайжанованың қызы Адия Болатхан иеленді. Оның суреті ерекше идеясымен, шығармашылық көзқарасымен және жеке қорғаныш құралдарының маңыздылығын терең түсінуімен көзге түсті.
Сондай-ақ қазылар алқасы Варвара Совенко, Латифа Джафарова, Арина Костарева, Сағыныш Белтай және Арина Анашенкованың жұмыстарына жоғары баға берді. Олардың әрқайсысы қауіпсіздік тақырыбын өзінше ашып, бай қиялын, шынайылығын және ата-анасының еңбегін одан да қауіпсіз етуге деген ықыласын байқатты.
Лагерь директоры Гүлпара Маханова өз әсерімен бөлісті:
– Балалардың қауіпсіздік тақырыбына аса байыппен, әрі шығармашылықпен қарағанына риза болып, таң қалдық. Әр сурет – мейірім мен қамқорлыққа, қызықты идеяларға толы тұтас бір хикая. Балалар ата-анасының еңбегін қалай қауіпсіз ете түсуге болатынын шын жүректен ойланыпты. Мұндай іс-шаралар еңбекті қорғау мәселелеріне жастайынан жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеп, барлық қатысушыға көптеген жағымды эмоция сыйлайды.
Барлық кішкентай суретші лайықты қошеметке бөленіп, мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар алды. Сонымен қатар шілденің шуақты күнін жағымды аяқтаған жаздың сүйікті тәттісі – балмұздақтан дәм татты.
Қатысушылардың туындылары қауіпсіздік мәдениетінің бала кезден басталатынын әркімнің есіне салып, лагерь аумағын әлі ұзақ уақыт безендіріп тұрады. Балалар салған суреттер таланттың жарқын көрінісі ғана емес, сонымен қатар үйлерінде жарық пен жылу болсын деп күн сайын еңбек ететін ең қымбат адамдарына – ата-аналарына деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың шынайы белгісі болды.