Киберқауіпсіздік іс жүзінде: «АлЭС» АҚ мамандары салалық CTF жарысының жүлдегерлері атанды
Бүгінде киберқауіптер энергетика саласы үшін негізгі сын-қатерлердің біріне айналды. Электр станциялары жұмысының сенімділігі жабдықтардың техникалық жай-күйіне ғана емес, технологиялық процестерді басқаратын цифрлық жүйелердің қорғалу деңгейіне де тікелей байланысты. Сондықтан сала мамандары нақты кибер инциденттерге барынша жақындатылған жағдайларда іс-қимылдарын пысықтай отырып, өз білімдері мен дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.

Мұндай мүмкіндікке 2026 жылғы 23-24 шілдеде Алматыда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орналасқан ҚР Энергетика министрлігінің Салалық технологиялық құзыреттер орталығының базасында өткен CTF (Capture the Flag) форматындағы кибероқу-жаттығулар жол ашты.
Бұл іс-шараны ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі жалпы ұлттық стратегиясын іске асыру туралы Жарлығын орындау мақсатында ұйымдастырды.
Екі күн бойы қатысушылар энергетикалық нысандарды пайдаланудың нақты жағдайларына барынша жақындатылған практикалық тапсырмаларды орындады. Бағдарлама PLC, HMI және SCADA өнеркәсіптік жабдықтарына қатысты оқиғаларды тергеп-тексеруді, құрылғылар мен SIEM жүйелерінің оқиғалар журналын талдауды, цифрлық криминалистика (Forensic Analysis) бойынша тапсырмаларды орындауды, сондай-ақ қолданыстағы жабдыққа кибершабуылдарды модельдеуді қамтыды. Жарыстың басты мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мамандардың практикалық білімі мен дағдыларын, олардың жылдам шешім қабылдау және командада тиімді жұмыс істеу қабілетін бағалау болды.

Жарысқа «АлЭС» АҚ атынан Қауіпсіздік басқармасының бас маманы Нартай Мұхаметбай, ЭКЕАЖМжББ бас маманы Азамат Өтегенов және А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО ЖАӨО-ның электр слесарі Асылбек Ерболов «Energy Solutions Center» ЖШС аутсорсингтік IT-компаниясының мамандары Алексей Кашуро-Масальскиймен және Данай Бижанмен бірге қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша құрамында Азамат Өтегенов болған команда жоғары кәсіби даярлығын, аналитикалық ойлау қабілетін және үйлесімді командалық жұмысын көрсете отырып, 2 орынды иеленді. Барлық қатысушы сертификатпен марапатталды.
Азамат Өтегенов мұндай жарыстарға қатысу күнделікті жұмыс барысында ғана жинақтау мүмкін емес тәжірибе алуға мүмкіндік беретінін атап өтті:
– Әрбір тапсырма ақпараттық қауіпсіздік мамандарының кездесуі мүмкін нақты жағдайларға барынша жақындатылып жасалды. Бұл жерде тек теорияны біліп қоймай, жағдайды тез талдай білу, шешім қабылдау және топпен жұмыс істей алу маңызды. Әсіресе, еңбегіміздің жүлделі орынмен бағаланғаны қуантады.
Нартай Мұхаметбайдың айтуынша, кибероқу-жаттығулар әртүрлі ұйымдағы әріптестермен тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі болған:
– Мұндай сайыстар өнеркәсіптік жүйелерді қорғаудың заманауи тәсілдерін көруге, талдаудың жаңа құралдарымен танысуға және өз біліміңді іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді. Бұл кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіріп отыруға ынталандырады.
Асылбек Ерболов бүгінде цифрлық қауіпсіздік энергетикалық кәсіпорындардың сенімді жұмысының ажырамас бөлігіне айналып отырғанын атап өтті:
– Технологияның дамуы үздіксіз оқуды талап етеді. Осындай тәжірибелік іс-шаралар неғұрлым көп болса, мамандардың заманауи киберқатерлерге жедел әрекет етуге және энергетика нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге дайындығы да соғұрлым жоғары болады.
«АлЭС» АҚ қызметкерлерінің салалық кибероқу-жаттығуларға қатысуы Қоғамның персоналдың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және ақпараттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға деген ұмтылысын растайды.
Жарыс қорытындысы бойынша «АлЭС» АҚ-да CTF-жарыстарға, хакатондарға және киберқауіпсіздікке қатысты басқа да практикалық іс-шараларға дайындалып, қатысу үшін мамандардың тұрақты командасын құру ұсынылды. Бұл тәсіл қызметкерлердің кәсіби құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттыруға, практикалық тәжірибе алмасуға, заманауи киберқауіптерге қарсы іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге және компания атынан салалық әрі республикалық жарыстарда лайықты өнер көрсетуге мүмкіндік береді.