Шабыттандыратын қуаныш: «Мектеп елшілері» «Эдельвейс» лагерінде балалардың басын қосты
Осы жазда екінші ауысымда 87 бала демалып жатқан «Эдельвейс» балалар сауықтыру лагерінде «АлЭС» АҚ-ның «Мектеп елшілері» жобасының қатысушыларымен кезекті кездесу өтті. Компания бұл жобаны 2019 жылдан бері тең мүмкіндіктер бағдарламасы аясында жүзеге асырып келеді. Оның мақсаты – балалардың энергетика әлемімен қызықты форматта танысуына көмектесу және бұл салада жынысына, жасына немесе болашақ кәсібіне қарамастан, әркімнің өз орнын таба алатынын көрсету.

Бірнеше жыл ішінде «Мектеп елшілері» лагерь тәрбиеленушілері үшін игі дәстүрге және ауысымдағы ең көп күтетін оқиғалардың біріне айналды. «АлЭС» АҚ қызметкерлерінің әрбір сапары нағыз мерекеге ұласады. Мұнда ғылым, шығармашылық және командалық ойындар балаларға жаңа дүниелерді тануға, армандауға және өз мүмкіндіктеріне сенуге жәрдемдеседі.
Биыл энергетиктер мазмұнды бағдарлама әзірлеген. Балалар сұйық азотпен жасалған ерекше тәжірибелерді таңдана тамашалап, көңілді байқауларға қатысты, жарқын аквагрим таңдады, қызықты тәжірибелермен танысты. Ал көптен күткен көбік кеші күннің шарықтау шегі болды. Балалардың күлкісі, қуанышты үндері мен бақытты жүздері компания қызметкерлерінің үлкен бірлескен еңбегінің басты жемісі еді.

Кадрларды даярлау жөніндегі инженер Жұлдыз Баймұхамбет ұйымдастырушылар үшін ең құндысы балалардың эмоциясы болғанын мойындады:
– Жазғы лагерь балаларға жарқын эмоциялар мен бақытты сәттерге толы теңіздей әсер сыйлады. Біз бұл күнді шынымен ұмытылмастай етуге тырыстық: сұйық азотпен жасалатын қызықты тәжірибелер, аквагрим, көңілді байқаулар және, әрине, көптен күткен көбік кешін дайындадық. Балалардың шынайы күлкісі, шаттығы мен қуанышы – біз үшін ең үлкен марапат болды. Осы мерекені жүзеге асыруға көмектескен барлық әріптесіме алғыс айтамын.

«АлЭС» АҚ қызметкерлері үшін жобаға қатысу – өз мамандығы туралы айтып қана қоймай, балаларға мейірімін төгіп, жылуын сыйлауға берілген мүмкіндік. 1-ҚЖЖУ учаскесінің аға шебері Әлішер Телтай мұндай кездесулердің балалардың ғана емес, қатысушылардың өздерінің де есінде жарқын естеліктер қалдыратынын атап өтті:
– Осындай тамаша іс-шараның бір бөлшегі болғаныма өте қуаныштымын. Балалардың бақытты жүздерін, олардың шынайы эмоцияларын және әрбір іс-әрекетке деген қызығушылығын көру – баға жетпес дүние. Іс-шара өте мұқият ұйымдастырылған, сондықтан күн жеңіл, көңілді өтіп, тек жылы естеліктер қалдырды.

Мерекенің ерекше есте қалған сәті – көбік кеші болды. 1-ЖАӨУ учаскесінің 4-разрядты слесарі Әлішер Тоқмолда ең жарқын сәттер тек жадымызда ғана сақталмайтынын айтты:
– Жазғы лагерь шынымен де жарқын әрі мазмұнды өтті. Балалар байқауларға ықыласпен қатысып, әрбір тосынсыйға қуанып, эмоцияларын жасыра алмады. Көптеген сәтті камераға түсірдік, ал көбік кешін дронның көмегімен биіктен видеоға тарттық.

2-ҚЖЖУ учаскесінің 3-разрядты слесарі Ермахан Серіктің айтуынша, атқарылған жұмысқа берілген ең жақсы баға – балалардың бақытты жүздері болды:
– Бұл күн барлық қатысушыға тамаша көңіл күй сыйлады. Балалар белсенді әрі тату болды, барлық ойын-сауыққа ықыласпен атсалысты. Олардың шаттығы, күлкісі мен қуанышы біздің жұмысымызға берілген ең жоғары баға болды. Балаларға осындай зор жағымды әсер сыйлай алғанымызға өте қуаныштымыз.
Іс-шараны өткізу барысында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. ЕҚжЕҚҚ аға инспекторы Ділназ Дүйсембаева дәл осының арқасында балалар мерекені алаңсыз тойлай алғанын атап өтті:
– Жазғы лагерь жылы, достық әрі қауіпсіз ахуалда өтті. Барлық іс-шара қауіпсіздік талаптарын ескере отырып ұйымдастырылды, бұл балаларға мерекеден еркін рахат алуға, ал ересектерге алаңсыз болуға мүмкіндік берді. Барлық әріптесіме үйлесімді жұмысы мен жауапты көзқарасы үшін алғыс айтамын.
«Мектеп елшілері» жобасы – жай ғана ойын-сауық бағдарламасы емес, одан әлдеқайда ауқымды дүние. Бұл – балаларды ғылым мен техникаға қызықтыруға, энергетика саласындағы мамандықтардың алуан түрлі екенін көрсетуге және әр баланың өз күшіне сенуіне көмектесуге берілген мүмкіндік. Дәл осылай, шынайы қарым-қатынас, қызықты тәжірибелер мен шынайы сезімдер арқылы білімге деген қызығушылық, энергетиктердің еңбегіне деген құрмет және тең мүмкіндіктердің үлкен жетістіктерге жол ашатынын түсіну сезімі оянады.
Бәлкім, «Эдельвейстің» бүгінгі тәрбиеленушілерінің бірі үшін дәл осы кездесу болашақ мамандығына бастар алғашқы қадам болар. Ал әзірге ең бастысы – балалардың бақытты жанарын көру, олардың сыңғыр күлкісін есту және жаздың тағы бір күні олар үшін шынымен ұмытылмас болғанын сезіну.