Алматыда 19,6 шақырым жылу магистралі толығымен жаңартылады: ҚДБ мен «АлЭС» келісім жасасты
Артқа
24.07.2026

Алматыда 19,6 шақырым жылу магистралі толығымен жаңартылады: ҚДБ мен «АлЭС» келісім жасасты

«Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС» АҚ) мен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2-ЖЭО – БЖК жылу магистралін қайта құру жобасын қаржыландыру туралы алдын ала келісім жасасты.

Мегаполистің негізгі жылумен жабдықтау арналарының бірін жаңғырту туралы құжатқа «АлЭС» АҚ басқарушы директоры Әсел Арғынбаева мен «ҚДБ» АҚ басқарушы директоры Ерлан Ибраев қол қойды. Бұл бастама «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырт» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – халықты сенімді әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету.

АлЭС-тің инвестициялық жобасы қаланың коммуналдық саласындағы сыни мәселесі, атап айтқанда, инфрақұрылымның осы учаскеде 83%-ды құрайтын жоғары тозуын шешуге бағытталған. Жоба аясында Алматының Әуезов және Алатау аудандарындағы 19,6 шақырым құбыр желісін толықтай реконструкциялау және қайта салу қарастырылған.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында ескірген құрылымдар бөлшектеліп, жаңадан жерасты және жерүсті құбырлары тартылады. Сондай-ақ заманауи павильондар, қорғаныш құрылғылары мен эстакадалар орнатылып, қолданыстағы инженерлік желілермен біріктіріледі. Барлық жұмысты аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2030 жылдың 31 желтоқсанына жоспарланған.

«АлЭС» АҚ – өңірдегі ең ірі энергия өндіруші кәсіпорын. Бүгінде компания өндіретін электр энергиясы Алматы қаласы қажеттілігінің шамамен 70%-ын, ал жылу энергиясы орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағының шамамен 76%-ын қамтамасыз етеді. Тозығы жеткен магистральды ауыстыру 2-ЖЭО-дан жылу жүктемесі 606 Гкал/сағ және жылдық жылу энергиясын беру көлемі 3 054 мың Гкал болатын жылуды үздіксіз жеткізуге кепілдік береді. Бұл жылыту маусымында апаттық ажырату қаупін едәуір төмендетеді.

Жобаның жалпы құны – 61,12 млрд теңге. ҚДБ тарапынан қаржыландыру көлемі 26,36 млрд теңгені (шамамен 43%) құрайды. Жобаға қатысу Банктің аса маңызды инфрақұрылым нысандарын қаржыландыру жөніндегі мандатына толық сәйкес келеді және Алматының жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ қалалық ортаның тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға бағытталған.