Дәуір тұлғасы: «АлЭС» АҚ Советхан Нұрпейісовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтайды
Артқа
23.07.2026

Дәуір тұлғасы: «АлЭС» АҚ Советхан Нұрпейісовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтайды

Мұндай дәрежелі тұлғалар туралы тек атаулы күндер мен лауазымдар арқылы баяндау қиын. Өйткені олардың басты үлесі еңбек жолындағы деректер емес, артында қалдырған мұрасы, атап айтқанда құрылған кәсіпорындары, сақталған сала тарихы, әріптестерінің құрметі мен ұрпақтар сабақтастығы.

Биыл өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткен Советхан Сейітқалиұлы Нұрпейісов қазақстандық энергетика үшін дәл осындай тұлғаға айналған. «АлЭС» АҚ ұжымы оны осы айтулы күнімен зор құрметпен құттықтайды.

Советхан Сейітқалиұлы 1936 жылы 20 шілдеде Семей облысы, Жарма ауданының Георгиевка ауылында дүниеге келген. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдарға тұспа-тұс келген балалық шағы оның бойында кейіннен мінезі мен бүкіл кәсіби қызметінің негізіне айналған қасиеттерді қалыптастырды: жауапкершілік, адалдық, адамдарға деген құрмет және салмақты шешім қабылдай білу.

Инженер-энергетик мамандығын таңдай отырып, ол еліміздің заманауи энергетикалық жүйесінің іргетасын қалаған қазақ мамандарының алғашқы буынының қатарынан табылды. Орта Азия политехникалық институтының энергетика факультетін бітірген соң, Советхан Нұрпейісов еңбек жолын электр желілерінде бастап, кейін қатардағы инженерден ірі өндірістік және мемлекеттік құрылымдардың басшысы деңгейіне дейін көтерілді.

Кәсібилігіне жасалған алғашқы елеулі сынақтардың бірі – Тың темір жолын электрлендіруге арналған 220 кВ-тық Целиноград – Атбасар – Есіл – Лисаковка тартқыш электр беру желісінің құрылысы мен оны қабылдау жөніндегі мемлекеттік комиссияны басқару болды. Құрылыс мерзімінде аяқталып, нысан «өте жақсы» деген баға алды, ал желінің өзі ондаған жыл өтсе де, әлі күнге дейін өз міндетін мүлтіксіз атқарып келеді.

Кейіннен оған Талдықорған қорғасын- аккумулятор зауытының құрылысы сеніп тапсырылды. Оның басшылығымен кәсіпорын сәтті іске қосылып қана қоймай, жылына 1,4 миллион стартерлік аккумулятор шығаратын жобалық қуатына да қол жеткізді. Одан кейінгі жылдары Талдықорған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде қалада жаңа жолдар, Қаратал өзені арқылы өтетін көпір, «Спартак» стадионы, драма театры, педагогикалық институт, «Қазақстан» кинотеатры, тазарту құрылғылары және басқа да көптеген әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтерді.

Жас басшыны қызметімен құттықтай отырып, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Советхан Сейтқалиұлына, ол өмір бойы жадында сақтап өткен, мына сөздерді айтты: «Ешқашан шұғылдықты асығыстықпен, талапшылдықты дөрекілікпен шатастырма».

Бұл сөздер әрдайым адамдарға деген құрметімен, жоғары жауапкершілігімен және болашақты болжай білуімен ерекшеленген тұлға үшін жай ғана ақыл-кеңес емес, өмірлік қағидасына айналды.

Әр жылдары Советхан Сейітқалиұлы Қазақ КСР энергетика министрінің орынбасары қызметін атқарды, ТМД Электр энергетикалық кеңесінде Қазақстанның атынан өкілдік етті, «KEGOC» АҚ вице-президенті болды. Алайда оның өмірінде лауазымнан гөрі, өзі ондаған жылдар бойы адалдықпен қызмет етіп келе жатқан сала – энергетиканың өзі әрдайым ерекше орын алды.

2008 жылдан бастап Советхан Нұрпейісов Қазақстанның ардагер энергетиктер кеңесін басқарып келеді. Оның елдің энергетикалық кешенін қалыптастырған жандар туралы естелікті сақтап қалуға деген ұмтылысы дәл осы жерде айрықша көрінді. Ол өткенге құрмет көрсетпей, болашақты сеніммен құру мүмкін емес екеніне кәміл сенеді.

Ардагерлер кеңесінің бастамасымен көрнекті энергетиктердің есімдері тарихта қалдырылды. Бұл «АлЭС» АҚ ұжымы үшін ерекше маңызға ие. Бүгінде 1-ЖЭО Бақтыбай Оразбаевтың, 2-ЖЭО Абдулла Жақытовтың есімімен мақтанышпен аталады, ал Қапшағай ГЭС-інде академик Шафик Шөкинге ескерткіш тақта орнатылған. Бұл шешімдер отандық энергетика тарихын және оның қайнар көзінде тұрған адамдар туралы естелікті сақтауға қосылған маңызды үлес болды.

Советхан Сейітқалиұлының тағы бір маңызды үлесі – оның жетекшілігімен дайындалған «Қазақстан энергетикасының тарихы» кітабы. Бұл еңбек ТМД-ға мүше мемлекеттердің баспа басылымдары арасында үздік деп танылып, өмірін энергетикаға арнаған адамдардың есімдерін болашақ ұрпаққа сақтап қалған сала дамуының нағыз шежіресіне айналды.

Бүгін 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Советхан Сейітқалиұлы еліміздің энергетика саласының дамуын бұрынғысынша жіті қадағалап, жаңа жобаларға қызығушылық танытып, сала жетістіктеріне шын жүректен қуанады. Оның өмір жолы – таңдаған ісіне адалдықтың, ел алдындағы жауапкершіліктің және көптеген жылдар бойы бірге еңбек еткен адамдарға деген құрметтің үлгісі.

Құрметті Советхан Сейітқалиұлы!

«Алматы электр станциялары» АҚ ұжымы Сізді 90 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!

Сіз біз үшін өмірін Қазақстан энергетикасын дамытуға арнап қана қоймай, оның тарихын да сақтай білген біртуар тұлғасыз. Сіздің бастамаларыңыздың арқасында көрнекті энергетиктердің есімі станцияларымыздың атауларында, кітаптарда, мемориалдарда, ең бастысы, адамдардың жүрегінде сақталып келеді.

Сізге зор денсаулық, рух сергектігін, отбасылық жылулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілейміз. Қасыңыздан әрдайым туған-туыстарыңыз, достарыңыз, әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіз табылып, даналығыңыз, мол өмірлік тәжірибеңіз және энергетикаға деген сүйіспеншілігіңіз энергетиктердің жаңа буынын ұзақ жылдар бойы шабыттандыра берсін.

Ізгі ниетпен және зор ризашылықпен – «АлЭС» АҚ ұжымы.