Болашақтың дағдылары бүгіннен бастап қалыптасады
Артқа
20.07.2026

Болашақтың дағдылары бүгіннен бастап қалыптасады

2026 жылғы 17 шілдеде Астанада «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «UMAI Gas» әйелдер клубының ұйымдастыруымен «Skills. Opportunities. Leadership» («Дағдылар. Мүмкіндіктер. Көшбасшылық») атты форум өтті. Шараға Қазақстанның мұнай-газ және энергетика салаларындағы жетекші компаниялардың өкілдері жиналды. Кездесудің басты тақырыбы еңбек нарығының заманауи сын-қатерлеріне, көшбасшылықты дамытуға, цифрлық трансформацияға және кәсіби қызметте жасанды интеллектіні қолдануға арналды.

Форумда «Тенгизшевройл» ЖШС, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС, Harvard Corporate Learning және басқа да ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Сарапшылар цифрлық технологияларды енгізудің, кадрлық әлеуетті арттырудың және заманауи корпоративтік мәдениетті қалыптастырудың табысты тәжірибелерімен бөлісті.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның Жасанды интеллект және цифрлық технологияларды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шәмішева мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің Адам ресурстарын басқару жөніндегі бас менеджері Кәмшат Байжанованың баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды. Спикерлер жасанды интеллект адамның сенімді көмекшісіне айналып, қауіпсіздікті, өндіріс тиімділігін және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар, білім, көшбасшылық қасиеттер және мамандардың үнемі дамуға деген дайындығы бұрынғысынша басты артықшылық болып қалатыны атап өтілді.

Форумға «АлЭС» АҚ атынан Персоналды даярлау бөлімінің бастығы Жанар Сәбикенова мен баспасөз хатшысы Айгүл Қорғанбаева қатысты.

Жанар Сәбикенованың айтуынша:

– Форум кәсіби пікір алмасу үшін тамаша алаң болды. Әріптестердің тәжірибесімен танысу, жасанды интеллектіні енгізудің нақты мысалдарын көру және энергетикадағы әйелдер қауымдастықтарының дамуын талқылау өте қызықты болды. Мұндай кездесулер жаңа идеялар тудырып, пікірлестерді табуға көмектеседі және одан әрі ынтымақтастық орнатуға жол ашады.

«АлЭС» АҚ өкілдері үшін мұндай салалық іс-шараларға қатысу Әйелдер клубы жұмысының маңызды бөлігіне айналды. Бұл форумдар озық тәжірибелермен алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және компаниялар арасындағы серіктестік қатынастарды дамытуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, «АлЭС» өкілдері басқа ұйымдардағы әріптестерін компанияның Әйелдер клубының отырыстарына қатысуға шақырады. Онда ашық диалог жалғасып, саланың өзекті мәселелері талқыланады және жаңа бірлескен бастамалар жүзеге асырылады.

Форум энергетиканың болашағын білім алуға, тәжірибе алмасуға және заманауи шешімдерді бірлесіп енгізуге дайын адамдар қалыптастыратынын тағы да растады. Дәл осындай кездесулер заман ағымынан қалмауға ғана емес, сонымен қатар даму мен ынтымақтастыққа ашық кәсіби қоғамдастықты қалыптастыруға да септігін тигізеді.