Үздік тәжірибелер жеке тәжірибеге айналған кезде
Артқа
20.07.2026

Үздік тәжірибелер жеке тәжірибеге айналған кезде

«АлЭС» АҚ-да үнемшіл өндіріс мәдениетін дамыту жалғасып жатыр. Компанияның шағын бастамашыл тобының Бішкектегі «Куликов» компаниясының өндірістік алаңдарына жасаған жұмыс сапары осы бағыттағы кезекті қадам болды.

Сапар «АлЭС» АҚ басшылығының қолдауымен өтті. Үнемшіл технологияларды енгізу жөніндегі ішкі тренер-кеңесші Мәди Занигинов топтың ұйымдастырушысы әрі тәлімгері болды.

Топ құрамына Қоғамның түрлі бөлімшелерінің өкілдері енді. Сапардың басты мақсаты – Кайдзен және үнемшіл өндіріс құралдарының іс жүзінде қолданылуымен танысу, сондай-ақ «АлЭС» АҚ бөлімшелерінде бейімделуі мүмкін озық шешімдерді зерделеу еді.

Қатысушылар «Куликов» компаниясының үнемшіл технологиялар бөлімінде болып, үздіксіз жетілдіру жүйесімен танысты. Олар әріптестерімен өндірістік процестерді оңтайландыру әдістерін талқылап, Кайдзен құралдарының кәсіпорынның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне қалай айналғанын көрді. Әр қызметкер бастама көтеріп, оны жүзеге асыруға атсалыса алатын өндірісті жетілдіру процесіне қызметкерлерді тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Бұл сапар Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Әділ Әбілдаеваға ерекше әсер етті.

– Қызметкерлердің іске жоғары деңгейде тартылғаны ерекше әсер етті. Үнемшіл технологияларды енгізуді үйлестіріп, үздіксіз жақсарту жөніндегі жобаларға жетекшілік ететін мамандандырылған бөлімнің жұмыс тәжірибесі қызықты болды. Мұндай тәсіл назар аударуға тұрарлық және біздің кәсіпорын үшін де пайдалы болуы мүмкін.

ОАЖТ орталығының материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі экономисі Адат Наурузованың айтуынша, бұл сапар Кайдзен философиясының кәсіпорынның қызмет саласына қарамастан тиімді екенін тағы бір дәлелдеді.

– Біз Кайдзеннің кез келген салада жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Ең құндысы – қызметкерлердің өз идеяларының процестерді қалай ыңғайлы, қауіпсіз әрі тиімді ететінін көру. Мұндай тәжірибе үйреншікті процестерге жаңаша қарауға көмектесіп, өз кәсіпорныңда өзгерістер енгізуге ынталандырады.

Жұмыс сапары жай ғана танысу мақсатында емес, кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар практикалық білім жинап, үнемшіл өндірістің озық құралдарымен танысты және өз бөлімшелерінде қолдануды жоспарлап отырған жаңа идеялармен оралды.

Мұндай кездесулер озық тәжірибелерді іс жүзінде көруге, кәсіби пікір алмасуға және тиімділікті арттырудың жаңа шешімдерін табуға мүмкіндік береді. Дәл осындай бастамалардан әрбір қызметкердің қосқан үлесі ортақ нәтиженің бір бөлігіне айналатын үздіксіз жақсарту мәдениеті қалыптасады.