Дәлдік – мәнге айналғанда
Мөлдір Жампозова энергетика саласындағы 11 жылдық еңбек жолында компаниядағы алғашқы кәсіби қадамынан бастап, сандар мен жоспарлардың, құжаттардың артында бүкіл жүйенің тұрақтылығы мен сенімділігіне қосар үлесті көре білетін білікті маманы – БЖК-ның 1-санатты ӨТБ инженері деңгейіне дейін өсті. Оның оқиғасы – кезінде жасалған бір таңдаудың қалай өмірлік іске айналатынының жарқын үлгісі.

Бала кезінде сахнаға жақын болып, актриса немесе биші болуды армандады. Ән салып, бимен, оның ішінде латынамерикалық бағытпен де айналысты. Тіпті, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсуді шындап ойлап, өнер мен қимыл-қозғалысты аңсады. Шығармашылыққа деген бұл сүйіспеншілігі әлі де сақталған. Алайда, бір сәтте қабылдау емтиханына физика пәнін таңдауы оның өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелді. Уақыт өте келе энергетика – қала тіршілігінің тірегі екенін, осы жүйенің бір бөлшегі болу ерекше маңыздылық сезімін сыйлайтынын түсінді.
Бұл салаға келуіне көбіне отбасы себепкер болды: департаменттердің бірінде жұмыс істейтін әпкесі оған өзін энергетикада сынап көруге кеңес берді. Ол кезде Мөлдірдің басқа салада тәжірибесі бар еді және өзі декреттік демалыста болатын. «Байқап көрейін» деген шешімі оның өміріндегі жаңа кезеңге жол ашты. Көп ұзамай ол жұмыс процестеріне толықтай дендеп еніп, саланың ерекшелігін меңгерді де, осы мамандықта тұрақтап қалды.
Алғашқы айлар оңай соқпады: ақпарат та, сызба да, құжат та көп, жауапкершілік те жоғары болды. Дегенмен әріптестері мен тәлімгерлері – Айнұр Сәкенқызы Темірбаева мен Лариса Александровна Теряева зор қолдау көрсетті. Олар білімімен бөлісіп қана қоймай, жұмысқа деген мұқияттылық, тәртіп пен кәсіби жауапкершілік сияқты қасиеттерді бойыма сіңірді.
Ол компаниядағы еңбек жолын кадрлар бөлімінде аудармашы болып бастады. Бұл тәжірибе кәсіпорынның құрылымын, бөлімшелердің өзара әрекетін және ішкі процестерді тереңірек түсінуге септігін тигізді. Кейіннен өндірістік-техникалық бөлімге ауысып, сол жерде көп жыл жұмыс істеп, маман ретінде өзін толықтай тапты. Мұнда оның жұмысы – көрсеткіштерді талдау, құжаттамамен жұмыс істеу, жоспар құру, бөлімшелермен өзара әрекеттесу және негізгі өндірістік процестерге қатысу.

Бүгінде Мөлдір – өз ісінде дәлдікті, жауапкершілікті және процестерді түсінуді бірінші орынға қоятын маман. Ол тәртіп пен жүйелілікке сүйене отырып, уақытын тиімді жоспарлайды, басымдықтарды дұрыс белгілейді және белгіленген мерзімді сақтайды. Оның мамандығында ұсақ-түйек деген болмайды: тіпті ӨТБ-дағы жұмыстың өзі өндірісті терең түсінуді және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды талап етеді.

Ол әсіресе жылыту маусымына дайындық пен ірі жөндеу жұмыстары жүретін кезеңдерді аса маңызды санайды. Дәл осы сәттерде жұмыстың ауқымы мен жауапкершілігі айқын сезіледі: тізімдемелермен жұмыс істеу, сандарды талдау, процестерді бірыңғай жүйеге келтіру. Бұл – жай ғана міндеттер емес, қаланы энергиямен тұрақты қамтамасыз етуге қосылған үлес.

– Жұмысымның ортақ нәтижеге ықпал ететіні ұнайды, бұл өз ісіңнің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді, – дейді Мөлдір.
Ол Қазақстанда энергетик мамандығы ең алдымен өзінің маңыздылығы мен тұрақтылығының арқасында беделді болып қала беретініне сенімді. Сонымен қатар Мөлдір үнемі даму үстінде: цифрлық жүйелер мен аналитика жұмыстың тиімділігін арттырып, жаңа мүмкіндіктер ашатынын түсініп, оларды меңгеруге ұмтылады.
Ұжым – ол үшін ерекше құндылық. Білікті мамандар, білгенімен бөлісуге даяр тұру, қиын сәтте қолдау көрсету – осының бәрі адамның дамып, алға ұмтылғысы келетін жұмыс ортасын қалыптастырады.
Маман үшін ең маңызды деп санайтын жеке қасиеттеріне келетін болсақ, бұл – жауапкершілік, зейінділік, тәртіп және командада жұмыс істей білу. Ал өзі болса, адамдармен тез тіл табысып, жұмысқа бірден кірісіп кететін, жоғары қарқынды сақтай алатын белсенді, ашық-жарқын жан.
Кәсіби тұрақтылықтың артында жеке тұлғаның мықтылығы да тұр. Мөлдір барлығына өз еңбегімен жетіп, жауапкершіліктен қорықпай, қиындықтарды жеңе білген өмір жолын мақтан тұтатынын айтады. Ол үшін өз аяғынан нық тұрып, алға жылжу және сонымен бірге балаларына лайықты тәрбие беру – басты мотивациясы әрі қуат көзі.
Бос уақытын белсенді өткізеді: бимен, спортпен айналысады, кітап оқиды, жақындарымен араласады. Бұл оған өмірлік тепе-теңдік пен ішкі үйлесімділікті сақтауға көмектеседі.
Оның өмірлік ұстанымы қарапайым әрі нақты: «Өз ісіңді сапалы атқар».
Оның күші – дәл осы қарапайымдылықта. Артық сөзсіз, бірақ толық беріле атқару. Сенімділік осылай қалыптасады: әрбір маманда, әрбір шешімде, әрбір жұмыс күнінде.