Болашақ энергетикасы идеядан басталады
Артқа
14.07.2026

Болашақ энергетикасы идеядан басталады

Жасанды интеллект бұрынғыдай қиял-ғажайып емес. Бүгінде ол инженерлердің, энергетиктердің және түрлі сала мамандарының көмекшісіне айналды. Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің жас мамандары «Жарқын Болашақ» жастар ұйымы ұйымдастырған «AI: болашақтың энергиясы біздің қолымызда» корпоративтік AI-челленджінде өз жұмыстарын осы тақырыпқа арнады.

Байқауға ұсынылған бейнероликтің авторы – Қапшағай ГЭС-інің электр машиналарын жөндеу бойынша 4-разрядты электр слесарі Жандос Нағұманов. Оның айтуынша, ролик идеясы заманауи технологиялардың энергетиктердің жұмысын бұдан да қауіпсіз әрі тиімді ете алатынын көрсету ниетінен туындаған.

– Қапшағай ГЭС-і – өңірдің энергетикалық жүйесінің жүрегі. Мен станцияның қалыпты кеңестік сәулетінің астарында ең заманауи цифрлық технологиялардың жасырынып жатуы мүмкін екенін көрсеткім келді. Жасанды интеллект адамды алмастырмайды, керісінше, оған тезірек шешім қабылдауға, жағдайды болжауға және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі, – деп атап өтті Жандос Нағұманов.

Жас энергетик өз бейнеролигінде жасанды интеллектіні су электр станциясында қалай пайдалануға болатынын елестетіп көруді ұсынды. Ықтимал шешімдер қатарында ауа райы жағдайлары мен мұздықтардың еруін ескере отырып су ағынын болжау, интеллектуалды датчиктердің көмегімен жабдықтардың жай-күйін үздіксіз бақылау, сондай-ақ максималды жүктеме сағаттарында электр энергиясын бөлуді оңтайландыру бар.

Автордың пікірінше, мұндай технологиялар станция жұмысының сенімділігін арттыра алады, алайда негізгі рөл бәрібір адамның еншісінде қалады.

– Сол себепті ролик соңында «Жасанды интеллект осындай стратегиялық нысандарда адамды толығымен алмастыра ала ма?» деген сұрақ қоямын. Меніңше, жауабы айдан анық. Технология қаншалықты ақылды болғанымен, түпкілікті шешімді әрқашан маман қабылдайды, – деп бөлісті Жандос.

AI-челленджіне қатысу Қапшағай ГЭС жастарына шығармашылық тәсілмен қатар, инженерлік ойлауды да көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар жас мамандарға болашаққа үңіліп, жаңа шешімдер іздеуге көмектеседі және қазіргі энергетиканың адам тәжірибесі мен цифрлық технологиялар мүмкіндіктерінің үйлесімді үндестігі екенін дәлелдейді.

Бейнені сайттан көруге болады https://www.ales.kz/kk/home-qazaq-tili/gallery/