Болашақ энергетиктерін бірге дайындаймыз
Білікті мамандарды даярлау – энергетика саласы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан «АлЭС» АҚ көптеген жыл бойы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып, студенттерге тек білім алуға ғана емес, сонымен қатар нақты өндіріспен және болашақ мамандығымен танысуға да көмектесіп келеді.
«АлЭС» АҚ өндірістік департаменттері басшыларының энергетика мамандықтары түлектеріне диплом тапсыру салтанатына қатысуы – осы берік серіктестіктің кезекті бір дәлелі болды. Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО директоры Кәрім Сартаев META University түлектерін құттықтаса, 3-ЖЭО директоры Абзал Жақыпбаев Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT университетінің түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты.

Айта кету керек, екі университет те «АлЭС» АҚ басшылығына ресми шақырту жолдап, жас мамандарды даярлауда компаниямен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен. Жоғары оқу орындары өз хаттарында АлЭС-тің тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамытуға, студенттерді қолдауға қосқан үлесін ерекше атап, компания өкілдерінің қатысуы түлектер үшін маңызды оқиға болып, олардың кәсіби таңдауын мойындаудың белгісіне айналатынына сенім білдірген.
Бүгінде «АлЭС» АҚ-ның білім беру мекемелерімен өзара іс-қимылы дәстүрлі ынтымақтастық аясынан әлдеқашан шықты. Компания студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдайды, дуалды оқыту бағдарламаларын жүзеге асырады, энергия нысандарына экскурсиялар ұйымдастырады, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысады, студенттермен және оқытушылармен кездесулер өткізеді. Осының арқасында болашақ энергетиктер оқу барысында-ақ еліміздің ірі энергетикалық кәсіпорындарының жұмысын көріп, заманауи жабдықтармен танысып, мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО директоры Кәрім Сартаев META University түлектерімен кездесуден алған әсерімен бөлісті:
– Рәсім өте жоғары деңгейде өтті. Университет басшылығымен және оқытушылар құрамымен танысқаныма өте қуаныштымын. Мұнда болашақ мамандарды сапалы даярлауға зор көңіл бөлінетіні байқалады. Түлектер өте жақсы әсер қалдырды – олар болашаққа сеніммен қарайды, өз мамандығына қызығушылық танытады және дамуға әзір. Олардың көпшілігі лайықты маман болып, Қазақстанның энергетика саласын дамытуға салмақты үлес қосатынына сенімдімін.
Станция басшыларының диплом тапсыру рәсімдеріне қатысуы – ұрпақтар сабақтастығының және отандық энергетиканы дамытуды жалғастыратын жас мамандарға деген құрметтің нышанына айналды.
– Түлектердің көзіне қарағанда, олардың нағыз кәсіби жолы дәл осы күннен басталатынын түсінесің. Кезінде әрқайсымыз осылай диплом мен зор үміттен бастағанбыз. Бүгінде жастардың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда және олардың алғашқы кәсіби қадамдарын қолдауға дайын кәсіпорындардың қасынан табылуы өте маңызды. «АлЭС» АҚ жоғары оқу орындарымен көптеген жылдан бері ынтымақтастықта, себебі біз жастарға сенеміз және бүгінгі түлектердің ертең қалаларымызды жарықпен және жылумен қамтамасыз ететінін түсінеміз. Әрқайсысына өз ісін тауып, қиындықтардан қорықпай, үнемі білім алып, энергетик деген атты мақтанышпен алып жүруіне тілектеспін, – деп атап өтті 3-ЖЭО директоры Абзал Жақыпбаев.

Мұндай кездесулердің студенттер үшін маңызы зор. Олар университет пен өндіріс арасындағы байланысты сезініп, өз мамандығының сұранысқа ие екеніне көз жеткізуге және аудиторияда алған білімнің жақын арада нақты энергия нысандарында қолданыс табатынын түсінуге мүмкіндік береді.

«АлЭС» АҚ жоғары оқу орындарымен серіктестік қатынастарды нығайтуды жалғастырады, өйткені білім беруге және жастарды қолдауға салынған инвестиция – Қазақстанның энергетика саласының сенімді болашағына қосылған үлес. Дәл осы бүгінгі түлектер ертең жаңа технологиялар жасап, энергия нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді және компанияның басты қағидатын – адамдарды жарықпен және жылумен сенімді қамтамасыз етуді сақтай отырып, аға буын энергетиктердің ісін жалғастыратын болады.