4400 метрлік бағындырған шың
Артқа
12.07.2026

4400 метрлік бағындырған шың

Биіктігі тек метрмен ғана емес, адамның бойындағы мінез күшімен де өлшенетін шыңдар бар. Оларға көтерілу үшін жақсы дене дайындығы жеткіліксіз – төзімділік, батылдық, командаға сене білу және салмақты шешім қабылдай алу қабілеті қажет. Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО бу турбиналарын басқару орталық жылу қалқанының машинисі Айдос Мәсіралиев биіктігі 4400 метрлік «Молодая Гвардия» шыңына шығып, дәл осындай сынақтан сәтті өтті.

Айдос үшін әрбір өрлеу – жеке жетістік қана емес, сонымен қатар туған компаниясының атын мақтанышпен асқақтату мүмкіндігі. Бағындырған шыңдарда «АлЭС» АҚ туын көтеру игі дәстүрге айналған. Бұл жолы да солай болды: 4400 метр биіктікте энергетиктердің күш-қуатын, сенімділігін және әрдайым алға ұмтылуын паш еткен компания туы тағы да желбіреді.

«Молодая Гвардия» шыңы Үлкен Алматы шатқалының жоғарғы бөлігінде орналасқан және осы аймақтың ең биік нүктесі саналады. Екі күн ішінде топ шамамен 2500 метр тік биіктікті еңсеріп, теңіз деңгейінен 1900 метрден 4400 метрге дейін көтерілуі керек еді. Мұндай маршрут тек жақсы дене дайындығын ғана емес, сондай-ақ төзімділікті, сауатты жерсінуді және үйлесімді командалық жұмысты талап етеді.

Шыңға өрлеу таңертең ерте басталды. Бірінші күні бес адамнан тұратын топ Үлкен Алматы көлінің бекетінен шығып, кешке қарай шамамен 3700 метр биіктіктегі тау күркесіне жетті. Қатысушылар осында түнеп, жерсінуден өтті. Бұл – шыңды бағындыру алдындағы маңызды кезең.

– Екінші күн таң бозармай, сағат 4:30-да басталды. Екі сағаттық өрлеуден кейін топ «Молодая Гвардия» шыңының қырқасына шықты. Бағытты бағамдаған қатысушылар бастапқы нұсқадан бас тартып, төмен түсетін науа арқылы өтетін қауіпсіз жолды таңдауға шешім қабылдады.

– Шамамен үш жүз метрлік науаны еңсерген соң, біз жіңішке жартасты қырқаға шықтық. Альпинистер оны «пышақ жүзі» деп атайды. Бұл жер сұлулығымен тамсандырып қана қоймай, бойыңа үрей де ұялатады. Тағы бір күрделі бөліктен өткеннен кейін, біз ақыры шың басына көтерілдік. Ең қуаныштысы, тобымыздың бес мүшесі де соңына дейін жетті, – дейді Айдос.

4400 метр биіктіктен қатысушылардың көз алдында Қызылсай шатқалы мен Үлкен Алматы шатқалының жоғарғы бөлігінің таңғажайып панорамасы ашылды. Көпшіліктің тауға қайта-қайта оралуына дәл осындай сәттер себеп болады.

Алайда Айдос үшін бұл шыңның орны ерекше.

– «Молодая Гвардия» шыңы – ерлік пен батылдықтың нышаны. Мен тауларды өте жақсы көремін, сондықтан бұл шыңға шықпай тұра алмадым. Бірақ ол маған бірден бағына қойған жоқ. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты бірінші әрекетім сәтсіз аяқталды. Екінші ретінде бір күнде көтерілуді ұйғардым, алайда 4000 метрдей биіктікте өзімді жайсыз сезініп, кері қайтуға мәжбүр болдым. Әрине, өкінішті, бірақ тауда тәуекелге баруға болмайды.

Тек үшінші талпынысымда ғана шыңға көтеріле алдым. Бұл өрлеу мен үшін ерекше болды. Ол алғашқы сәтсіздіктерден кейін берілмеу керектігін дәлелдеді. Ең бастысы – қорытынды шығарып, жақсырақ дайындалып, қайтадан алға ұмтылу. Шың басында менің шамам жететінін түсіндім. Тіпті одан да көп нәрсеге қабілетті екенімді ұқтым.

Айдостың айтуынша, сапар тамаша, бірақ сонымен қатар өте қиын болып шықты.

– Тау менмендікті кешірмейді. Сондықтан тәжірибелі гидтің немесе маршрутты жақсы білетін адамның алып жүруінсіз мұндай шыңдарға шығуға мүлдем кеңес бермеймін. Қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы керек.

Таулар тек физикалық қиындықтарды еңсеруді ғана емес, сонымен қатар сабыр сақтауды, дұрыс шешім қабылдауды, жолдастарына сенуді және сәтсіздіктерден кейін ешқашан тоқтамауды үйретеді. Дәл осы қасиеттер адамға экстремалды жағдайда да, кәсіби салада да алға қойған мақсаттарына жетуге көмектеседі.

«Молодая Гвардия» шыңын бағындыру Айдос Мәсіралиев үшін кезекті жеке жетістік және «АлЭС» АҚ қызметкерлерінің тек кәсіби ғана емес, өмірлік шыңдарды да сенімді түрде бағындыратынының тағы бір дәлелі болды. Айдос қайда жүрсе де – өндірістік алаңда ма, әлде биік тауларда ма – оның жанында туған компаниясының туы әрдайым желбіреп тұрады. Өйткені әрбір жаңа биіктік – бағындырылған шың ғана емес, сонымен қатар өзіңді-өзің жеңу.